Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәдениет және өнер қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, саланы дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Мәдениет – мемлекеттілігіміздің рухани тірегі, халқымыздың тарихи санасы мен ұлттық болмысының айқын көрінісі. Қоғамды ортақ құндылықтар төңірегіне ұйыстырып, елдің рухани тұтастығын бекемдейтін қуатты күш. Бүгінде жаңа Конституция аясында мәдениетке, білімге, ғылым мен инновацияға айрықша мән беріліп отыр. Бұл мәдениет саласының алдына жаңа міндеттер қойып, дамудың тың мүмкіндіктерін ашты. Ендігі мақсат – бай мұрамызды ұқыпты сақтаумен қатар, заманауи форматтарды, цифрлық шешімдерді, креативті индустрияларды және көрерменмен, оқырманмен, жалпы жұртшылықпен жұмыс істеудің жаңа тәсілдерін батыл дамыту»,– деді ол.
Аида Балаева соңғы жылдары мәдениет саласы қызметкерлерінің мәртебесін арттыру, еңбек жағдайын жақсарту және өңірлердегі мәдениет нысандарын дамыту бағытында маңызды жұмыстар атқарылғанын мәлімдеді. Президент тапсырмасымен бірқатар жетекші мәдениет мекемесіне «Ұлттық» мәртебе беріліп, қызметкерлердің жалақысын көтеруге мүмкіндік жасалған.
Сондай-ақ өткен жылы 61 мәдениет нысанының құрылысы басталып, 252 нысан жөндеуден өткені айтылды. Биыл тағы 64 нысанның құрылысы жалғасып жатыр. Ал E-Museum цифрлық платформасы бүгінде 284 музейді біріктіріп, 65 мыңнан астам жәдігерді қамтып отыр.
Министр мәдениет саласының бүгінде ашық әрі жаңашыл бағытта дамып келе жатқанын атап өтіп, театр, музей, кітапхана, архив және өнер саласы мамандарына алғыс білдірді.
«Артистерге, музыканттарға, кітапханашыларға, музей және архив қызметкерлеріне, режиссерлерге, суретшілерге, хореографтарға, сахна майталандарына, педагогтерге, техникалық мамандарға және еліміздің рухани байлығын сақтап, дамытып жүрген барлық сала өкілдеріне шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздердің еңбектеріңіз ұлттың руханиятын байытып, жас ұрпақтың дүниетанымын қалыптастырады, ел бірлігін нығайтады және Қазақстанның әлемдік мәдени кеңістіктегі беделін арттыра түседі.
Алдағы уақытта да игілікті жолдағы қызметтеріңіз табысты болып, жұртшылықтың ыстық ықыласы мен қошеметіне бөлене беріңіздер. Баршаңызға зор денсаулық, шығармашылық шабыт, толайым табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін!»—деді министр.
Аида Балаева: Тарихи-мәдени мұраны сақтау мен төл мәдениетті қолдау конституциялық деңгейде бекітілді
