Екі күнде екі трагедия. Оралда жасөспірімдер суға батып кетті

233
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/IyYTbNkBY76DnogT7WoEg62dNPEjSHDnWafBA95z.jpg

Оралда екі күнде 11 жастағы қыз бала және 15 жастағы ұл бала суға батып кетті. Екі қайғылы оқиға да шомылуға арналмаған су айдындарында болған. Бұл туралы Nadezhda.kz басылымы жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Ақпаратқа сәйкес, қайғылы оқиғаның алғашқысы 16 мамыр күні сағат 13:00 шамасында Телеорталық ауданында болған. Құтқарушылардың мәліметінше, 11 жасар қыз бала Шаған өзенінің жағасында ойнап жүріп, аяғы тайып суға құлаған. Қасында үлкендер болмағандықтан, бала суға батып кеткен. Оқиға орнына ТЖД қызметкерлері жеткенімен, іздестіру жұмысы шамамен екі сағатқа созылды Сүңгуірлер қыз баланың денесін екі сағаттан кейін тауып, су бетіне шығара алды.

Екі күннен кейін тағы бір қайғылы жағдай Круглоозерное кентінде болды. Сағат 19:30 шамасында 15 жастағы жасөспірім Көшім өзенінің демалуға жабдықталмаған жерінде шомылған. Бала су астына кетіп қалған, шамамен бір сағаттан кейін ғана құтқарушылар денесін тапқан.

Батыс Қазақстан облысының ТЖД суда адамдардың қаза табуының негізгі себептері тыйым салынған орындарда шомылу, суға мас күйінде түсу, жүзе алмау және балалардың қараусыз қалуы екенін еске салды.

«Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзу немесе орындамау ҚР ӘҚБтК-нің 412-бабына сәйкес айыппұл салуға әкеп соғады: жеке тұлғалар үшін 7 АЕК, немесе 30 275 теңге, заңды тұлғалар үшін 10 АЕК, немесе 43 250 теңге көлемінде», – деп хабарлады ведомство.

ТЖД мәліметінше, жыл басынан бері аталған бап бойынша төрт адамға айыппұл салынған.

Пікірлер