Пәкістан АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздерде делдал болып, Иранның әскери ұшақтарын өз аумағындағы әуе базаларында жасырын орналастыруы мүмкін деген ақпарат тарады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы CBS News-ке сілтеп.
Мәліметке сәйкес, сәуір айының басында, АҚШ президенті Трамп атысты тоқтату туралы мәлімдеме жасағаннан бірнеше күн өткен соң, бірнеше ирандық ұшақ Пәкістандағы Нұр-Хан әскери әуе базасына жіберілген. Олардың қатарында Иран әскери-әуе күштеріне тиесілі RC-130 барлау ұшағы болғаны айтылды. Бұл ұшақ тактикалық әскери-көлік ұшағының барлау нұсқасы саналады.
Алайда Пәкістан билігі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Ресми өкілдердің айтуынша, Нұр-Хан базасы қала орталығында орналасқандықтан, онда көптеген ұшақты құпия ұстау мүмкін емес.
Сонымен қатар ақпарат көздері Иран азаматтық авиациясының бірқатар ұшақтары көршілес Ауғанстан аумағына да уақытша орналастырылғанын хабарлады.
Кейін Пәкістан наурыз айында Кабул маңына әуе соққыларын жасағаннан кейін, жергілікті билік ұшақтарды Иран шекарасына жақын орналасқан Герат әуежайына көшірген. Алайда «Талибан» қозғалысы ел аумағында ирандық ұшақтардың барын теріске шығарды.
Басылымның жазуынша, Исламабад соғыс басталғалы бері Вашингтон мен Тегеран арасындағы келіссөздерде делдалдық рөл атқарып келеді.
