Мемлекет жоғалтқан миллиардтар. ҚазҰУ мен ЕҰУ-де заң бұзыла бере ме?

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/HtxS6gGonKAkilAFVScEVB6TKW4xIuwgCnwntK73.jpg

Фото: killer-antiplagiat.ru

Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінде соңғы жылдары қордаланған мәселелер аз емес. Жоғары аудиторлық палатаның тексеру қорытындылары университеттердегі қабылдау жүйесінен бастап, мемлекеттік гранттардың тиімділігіне дейін көптеген кемшіліктерді ашып көрсетті. Бұл туралы hronika.kz жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Тексеру барысында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті медицина және стоматология секілді сұранысы жоғары мамандықтарға ҰБТ нәтижесі төмен немесе мүлде тест тапсырмаған студенттерді қабылдағаны анықталды. Ел бойынша шекті балл 70 болғанымен, университеттің өз талаптары 90–110 балл аралығында белгіленген. Соған қарамастан, кейбір шетелдік жоғары оқу орындарынан ауысқан студенттер 49–50 баллмен оқуға қабылданған.

Мұндай студенттердің едәуір бөлігі кейін оқу бағдарламасын меңгере алмай, академиялық талаптарды бұзған. Соның салдарынан университеттен көптеп шығарылған студенттер саны артқан.

Басылымның жазуынша, ҚазҰУ-де мемлекеттік грантпен оқыған 2591 студент оқудан шығарылған. Оларды оқытуға бюджеттен шамамен 2,7 млрд теңге жұмсалған. Алайда бұл қаржы мемлекетке қайтарылмайды, өйткені қолданыстағы заңнамада оқудан шығарылған студенттердің шығынды өтеу міндеті қарастырылмаған.

Сондай-ақ студент оқудан шыққаннан кейін пайдаланылмай қалған қаражаттың да бюджетке қайтарылмай, университет қарамағында қалатыны анықталған.

Сарапшылар жоғары оқу орындарында кей жағдайда «саяси, отбасылық немесе іскерлік байланыстары» бар талапкерлерге артықшылық берілуі мүмкін екенін айтады. Бұл алаяқтық пен жемқорлыққа жол ашады.

Мысалы, Астанада өзін университетпен байланысы бар адам ретінде таныстырып, студенттерді ақылы бөлімнен грантқа ауыстырып беремін деп ақша алған әйел ұсталған.

Ал Л. Н. Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университеті тексерісінде мүлде болмаған мамандықтардан «ауыстырылған» студенттер анықталған. Құжаттардағы қолтаңбалар мен анықтамалар күмән тудырған, ал студенттердің көрсетілген оқу орындарында шынымен оқығаны дәлелденбеген.

Жоғары аудиторлық палата бұл мәселелердің салдары халықаралық PIAAC халықаралық зерттеуі нәтижелерінен де байқалатынын атап өтті.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес:

  • Қазақстандық ересектердің 50%-ы тек қарапайым деңгейдегі қорытынды жасай алады;
  • Күрделі мәтіндерді талдап, түсінетіндер халықтың шамамен 25%-ын ғана құрайды;
  • Жастар арасында жоғары білім алғандар саны көп болғанымен, олардың нақты дағдылары аға буыннан төмен екені анықталған.

Осыдан кейін Қазақстан PIAAC бағдарламасының келесі кезеңдеріне қатыспау туралы шешім қабылдаған.

Ұлттық университеттерде докторанттардың басым бөлігі диссертацияларын уақытында қорғай алмайды. ҚазҰУ-де мұндай көрсеткіш 84%, ал ЕҰУ-де 76% болған.

Сонымен бірге диссертация қорғамаған докторанттардың мемлекет шығынын өтеуі немесе қайтадан грантқа түсуіне шектеу қоятын заңнамалық норма жоқ.

Еңбек ресурстарын дамыту орталығының болжамы бойынша, 2030 жылға дейін Қазақстанда жаңа жұмыс орындарының басым бөлігі орта және төмен білікті мамандықтарға тиесілі болады. Олардың қатарында күзетшілер, сатушылар, жүргізушілер, аспаздар, көмекші жұмысшылар бар.

Ал жоғары білімді талап ететін салаларда мамандар артық дайындалуда. Мысалы:

  • инженерлер қажеттіліктен бірнеше есе көп даярланады;
  • IT мамандары өз саласы бойынша емес, кеңсе немесе қызмет көрсету жұмыстарында еңбек етеді;
  • дене шынықтыру мұғалімдеріне бөлінетін грант көлемі нақты сұраныстан әлдеқайда жоғары.

Серпін бағдарламасы аясында оқыған түлектердің жартысы міндетті жұмыспен өтеуден босатылған. Ал қалғандарының тек 6,8%-ы ғана өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан.

Бағдарламаның негізгі мақсаты — еңбек күші артық оңтүстік өңірлердің жастарын кадр тапшы аймақтарға даярлап жіберу болғанымен, нәтиже күткендей болмаған.

Жоғары аудиторлық палатаның тексеруі Қазақстандағы жоғары білім жүйесінде жүйелі мәселелер бар екенін көрсетті. Қабылдау талаптарының сақталмауы, гранттардың тиімсіз бөлінуі, кадр даярлау мен еңбек нарығы арасындағы алшақтық және бақылау механизмдерінің әлсіздігі білім сапасына кері әсер етуде.

Пікірлер