Арменияның Еуроодаққа ұмтылысы. Путин референдум өткізуді ұсынды

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/PDlFv29pcZHR63r8JDgiDfjgyje0N78sHXa3cZLc.jpg

Ресей президенті Владимир Путин Арменияның Еуропалық Одаққа қосылу ықтималдығына қатысты елде референдум өткізуді қолдайтынын мәлімдеді. Бұл туралы ол Ереванда өткен еуропалық саммиттен кейін журналистерге айтты, деп хабарлайды “Адырна”.

«Менің ойымша, Армения азаматтарына да, біздің басты экономикалық серіктес ретіндегі өзімізге де бұл мәселені мүмкіндігінше ертерек анықтап алған дұрыс. Мысалы, референдум өткізуге болады», – деді Путин 9 мамыр күні журналистерге.

Путиннің сөзінше, Армения азаматтарының болашақ таңдауын анықтау маңызды. Оның пікірінше, мұндай мәселе бойынша шешімді халықтың өзі қабылдауы тиіс.

«Бұл біздің ісіміз емес, бірақ Армения азаматтарынан олардың таңдауын сұрап, референдум өткізу қисынды болар еді. Қандай шешім қабылдайды – соған сәйкес біз де қорытынды жасап, өзара тиімді әрі өркениетті түрде шешу жолына түсер едік», – деп қосты Ресей президенті.

Сонымен қатар Ресей басшысы қазіргі Украинадағы жағдайды мысалға келтіріп, оның бәрі елдің Еуроодаққа ұмтылысынан басталғанын айтты.

«Біз қазір Украинада не болып жатқанын көріп отырмыз. Бірақ бәрі неден басталды? Украинаның ЕО-ға кіруге ұмтылысынан басталды», – деді ол.

Бұрыннан Ресеймен тығыз байланыс ұстанған Армения соңғы жылдары премьер-министр Никол Пашинянның тұсында Брюссельмен қарым-қатынасты нығайтып келеді. Бұл Мәскеудің наразылығын туғызған.

Ресей Қауіпсіздік кеңесі Ереван Мәскеумен байланысын үзсе, ел экономикасы күрт құлдырауы мүмкін екенін ескерткен. Геосаяси өзгерістер аясында 7 маусым күні Арменияда парламент сайлауы өтеді.

2024 жылы Армения Ресей жетекшілік ететін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан шықты. Бұған Мәскеудің Әзербайжанмен қақтығыс кезінде Арменияны қорғай алмағаны себеп болған.

Сондай-ақ Ереван Еуроодаққа мүшелікке қызығушылық танытып отыр.

4 мамыр күні Арменияда Еуропалық саяси қауымдастық саммиті өтіп, оған ондаған мемлекет пен үкімет басшылары қатысты. Олардың арасында Владимир Зеленский де болды. Келесі күні Ереванда ЕО – Армения саммиті ұйымдастырылды.

Зеленскийдің Ереванға сапары Мәскеудің қатаң реакциясын тудырды. Ресей Сыртқы істер министрлігі Арменияның Зеленскийге «ЕО қолдауымен өткен іс-шараларда алаң ұсынуын» Ресей үшін «мүлде қабылдауға болмайды» деп мәлімдеді.

Пікірлер