8 мамыр Астана – Франкфурт бағыты бойынша ұшқан Air Astana рейсі Ақтөбе қаласына мәжбүрлі қону жасады. Бұл туралы Авиакомпанияның баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна".
Мәлімет бойынша, KC921 рейсі Астанадан сағат 08:54-те ұшып шыққан және техникалық себепке байланысты Ақтөбе әуежайына 11:34-те қонған.
"Экипаж ұшу қауіпсіздігіне қатысты стандартты рәсімдерге сәйкес қону туралы шешім қабылдады. Қону қалыпты режимде өтті", – делінген хабарламада.
Air Astana компаниясы жолаушыларды әрі қарай тасымалдау үшін Алматы қаласынан резервтік ұшақ жіберген.
Рейстің Ақтөбеден қайта ұшуы 14:20-ға жоспарланған.
"Авиакомпания жолаушыларға келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрайды", – деп мәлімдеді компания өкілдері.
Ұқсас жаңалықтар
