Алматы халықаралық әуежайына Swiss Air әуе компаниясының ұшағы шұғыл қонуға мәжбүр болды. Бұл туралы әуежайдың баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Оқыс оқиға бүгін, 6 мамырда сағат 12:48-де болған.
«Сеул – Цюрих бағыты бойынша ұшып келе жатқан Swiss Air әуе компаниясының Airbus A350 ұшағы апатты жағдайда Алматы әуежайына қонды. Қонуға екінші ұшқыштың жағдайы күрт нашарлап, жедел абдоминалдық синдромға күдік туындауы себеп болған»,– делінген хабарламада.
Ұшақ жерге қонған сәтте әуежайдың медициналық қызметі дайын тұрған. Мамандар ұшқышқа алғашқы медициналық көмек көрсетіп, кейін оны қаладан келген жедел жәрдем бригадасына тапсырған.
«Қажетті тексерулерден өтіп, әрі қарай ем алу үшін ұшқыш №4 қалалық ауруханаға жеткізілді», – деп түсіндірді әуежай өкілдері.
Ұшақ бортында 227 жолаушы және экипаждың 14 мүшесі болған.
