Жер сілкінісінен соң. Цунами қаупі туралы ескерту жарияланды

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/qZAheaOvM3P577tB4kmFwFB7fRLZob6AnIjBAccU.jpg

Жапонияда Хонсю аралының солтүстік-шығыс жағалауында магнитудасы 7,4 болатын күшті жер сілкінісі тіркелді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы NHK телеарнасына сілтеме жасап.

Жапонияның метеорологиялық агенттігі мен АҚШ геологиялық қызметі мәліметінше, жерасты дүмпулері теңіз жағалауына жақын аумақта болған. Мамандар бастапқыда Иватэ префектурасы мен Хоккайдо, Аомори префектурасы өңірлері үшін биіктігі 3 метрге дейін жететін цунами қаупі барын ескерткен. Кейін бұл ескерту төмендетіліп, кеңес беру деңгейіне ауыстырылды.

Жапонияның табиғи апаттарды басқару агенттігі бес префектурада 176 мыңнан астам тұрғынға эвакуация туралы нұсқау берілгенін мәлімдеді. Ел премьер-министрі Санаэ Такаичи тұрғындарды қауіпсіз аймақтарға, биік жерлерге немесе арнайы эвакуациялық ғимараттарға дереу көшуге шақырды.

Қазіргі уақытта зардап шеккендер немесе қираған ғимараттар туралы нақты ақпарат түскен жоқ, жағдай әлі де бағалануда. Дегенмен, апат салдарынан 200-ге жуық нысанда электр энергиясы өшкен.

Теміржол операторлары кейбір бағыттарда пойыз қозғалысының уақытша тоқтатылғанын хабарлады. Ал Tokyo Electric Power Company мен Tohoku Electric Power Company атом электр станцияларында ешқандай ақау тіркелмегенін, радиация деңгейі қалыпты екенін мәлімдеді.

Пікірлер