Оқу-ағарту министрлігі педагогтерге жаңа әдістер мен жоспарларға байланысты артық міндет жүктелмейтінін мәлімдеді. Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова брифингте айтты, деп хабарлайды "Адырна".
Вице-министрдің айтуынша, педагогтердің құжаттық жүктемесі қазірдің өзінде нақты нормативтік актілермен реттелген.
"Бізде Оқу-ағарту министрінің №130 бұйрығы бекітілген. Сол құжатта әр деңгей бойынша педагогтердің қандай міндеттері бар екені және қандай құжаттарды жүргізуі керектігі нақты көрсетілген", - деді ведомство өкілі.
Сонымен қатар, құжат жүргізу форматы білім беру ұйымының техникалық мүмкіндігіне байланысты жүзеге асырылады.
"Егер мектеп ақпараттық жүйеге қосылған болса, құжаттар электронды форматта жүргізіледі. Ал жүйеге қосылмаған жағдайда қағаз түрінде рәсімделеді", - деп түсіндірді ол.
Спикердің сөзінше, сабақ жоспарын әзірлеу педагогтің кәсіби құзырында қалады.
"Сабақ жоспары - мұғалімнің өзіне байланысты. Әр педагог өз сыныбындағы оқушылардың деңгейіне қарай сабағын өзі жоспарлайды", - деді ол.
