Елімізде мемлекет есебінен тегін таратылуы тиіс мыңдаған дәрі-дәрмектің дәріханаларда заңсыз сатылған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл заңсыздықты Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігі енгізген жаңа цифрлық таңбалау жүйесі арқылы анықтаған.
2024 жылдың 1 шілдесінен бастап іске қосылған дәрілерді таңбалау жүйесі алғашқы нәтижесін көрсетіп, ел бойынша 4 114 препараттың заңсыз сатылғанын тіркеді. Аталған дәрілер науқастарға тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында берілуі тиіс болған.
Заңсыз саудаға түскен препараттардың қатарында күнделікті қолданылатын натрий хлориді мен глюкоза ерітінділері, антибиотиктердің бірнеше түрі, қант диабеті мен қан қысымы секілді созылмалы ауруларға қарсы маңызды дәрілер бар.
Министрлік жүргізген тексерістер нәтижесінде 74 нысан жоспардан тыс бақылаудан өтті. Соның ішінде 31 мекемеге жалпы сомасы 12,3 млн теңге айыппұл салынса, 43 ұйымға заң бұзушылықтарды жою туралы қатаң ескерту берілді.
Алдын ала деректерге сәйкес, кейбір ұйымдар бір ғана кодты 480 мың реттен астам қайталап қолдану арқылы заңсыз әрекетке барған. Қазіргі уақытта мемлекет сатып алған дәрілердің жекеменшік дәріханаларға қалай түскені жан-жақты тексеріліп жатыр.
Жиналған материалдар Қазақстан Республикасының қаржылық мониторинг агенттігі мен ҰҚК қарауына жолданды. Енді бұл іске құқық қорғау органдары баға беретін болады.
“Сайлауда алаяқтық жасалуы әбден мүмкін”: Рауан Шаекин өзін Парламенттік сайлауға тіркемей отырғанын айтты
