Coca-Cola Içecek Kazakhstan компаниясы Ақтөбеде зауыт салады. Жобаны «Кока-Кола Алматы Боттлерс» бірлескен кәсіпорны жүзеге асырады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі облыс әкімдігіне сілтеме жасап.
Өңір әкімі Асхат Шахаров компаниясының бас директоры Вели Динчельді қабылдап, инвестициялық жобаны іске асыру кезеңдері және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.
Зауыт құрылысына салынатын инвестицияның жалпы көлемі – 41,9 млрд теңге. Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 280 млн литр алкогольсіз сусын өндіруге жетеді. Нысанды пайдалануға беру 2027 жылға жоспарланған.
«Coca-Cola Içecek зауытын салу жобасын іске асыру Ақтөбе облысының өнеркәсіптік әлеуетін дамытудағы маңызды қадам болмақ. Бұл тек қомақты инвестиция тарту ғана емес, жаңа жұмыс орындарын ашу, заманауи технологиялар мен өндірістің экологиялық стандарттарын енгізу деген сөз. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан инвесторға жобаны жүзеге асырудың барлық кезеңінде жан-жақты қолдау көрсетіледі», — деп атап өтті өңір басшысы.
Жоба аясында 150 жұмыс орны құрылады. Бұл өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға және халықты жұмыспен қамтуға елеулі үлес болмақ. Қазіргі таңда кәсіпорын құрылысы үшін 41-разъезд ауданынан 25 гектар жер телімі бөлініп, жобалау және дайындық жұмыстары жүргізілуде.