700-ден астам бұлақ тіркелді

233
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/E7xHIGPY9d3w0khRfKTwiUigfMhGafy3XWXXSh7u.jpg

Қазақстан аумағында 700-ден астам бұлақ бары анықталды. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Министрлік мәліметінше, "Қазгидрогеология" ұлттық гидрогеологиялық қызметі ел аумағындағы барлық бұлақты түгендеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алдын ала деректерге сәйкес, бүгінгі таңда 711 әлеуетті бұлақ анықталған.

Сонымен қатар қор және архив материалдары негізінде ел аумағындағы 2772 бұлақтың картасы жасақталған. Мамандар бұлақтарды су ресурстары тапшылығы жағдайында сумен қамтудың қосымша көзі ретінде қарастырып отыр.

Қазіргі уақытта Қазақстанда ауызсу және техникалық сумен жабдықтау, суару және өзге де мақсаттарға арналған жерасты суының 4 803 кен орны барланған. Мемлекеттік баланс бойынша тәулігіне 43,2 млн текше метр көлеміндегі пайдалану қоры тіркелген. Оның ішінде қазіргі таңда шамамен 1,5 млн текше метр немесе 3,6% ғана пайдаланылып отыр. Атап айтқанда, шаруашылық-ауызсуға арналған қор тәулігіне 21,2 млн текше метр. Өндірістік-техникалық қажеттіліктерге арналған қор тәулігіне 2,4 млн текше метр, ал суару мақсатында тәулігіне 19,6 млн текше метр қарастырылған.

«Қазақстанда жерасты суына арналған мемлекеттік мониторинг желісі жұмыс істейді, оған шамамен 4 мыңға жуық бақылау ұңғымасы кіреді. Олар су деңгейін, температурасын және сапасын бақылауға мүмкіндік береді. Гидрогеология саласын цифрландыру мақсатында мониторингтік және пайдалану ұңғымаларын Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесіне енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр»,- деп түсіндірді "Қазгидрогеология" ұлттық гидрогеологиялық қызметінің басқарма төрағасы Болат Бекнияз.

Пікірлер