Ресейде банк пайдасы азайғанда Назарбаевқа қатыстысы табысқа жетіп отыр

156
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/TrHqsJMIc8qEiEcu6f2KkG612xgRPjSzMad1ry5k.jpg

Ресейдің банк секторында жалпы пайда азайып жатқан кезеңде бір қаржы ұйымы керісінше өсу көрсетіп отыр. «Азиатско Тихоокеанский банк» (АТБ), Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қорларымен байланысты делінетін құрылым, соңғы жылдары таза табысын бірнеше есеге көбейтіп, елдегі ең ірі 30 банктің қатарына енді. Бұл туралы «Выход к морю» телеграм арнасы жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Ресей бойынша банк пайдасы орта есеппен 8 пайызға төмендегеніне қарамастан, АТБ өсім көрсеткен. Соңғы 5 жыл ішінде банктің таза пайдасы 1,5 млрд рубльден 16 млрд рубльге дейін жеткен. Бұл шамамен 102 млрд теңгеге тең, яғни көрсеткіш қазақстандық нарықпен салыстырғанда да айтарлықтай жоғары.

Банктің активтері де айтарлықтай ұлғайған: 5 жыл бұрын 134,5 млрд рубль болса, қазір 338 млрд рубльге жеткен. Осы өсу нәтижесінде АТБ Ресейдегі ең ірі 30 банктің қатарына кірді.

Санкциялық мәселеге келер болсақ, қазіргі уақытта банк халықаралық Raiffeisen, OTP Group, Citigroup және UniCredit топтарының еншілес ұйымдары сияқты ешбір санкциялық тізімге енгізілмеген. 2025 жылдың қаңтарында Еуропа Одағының санкциялық пакеттеріне енгізілуі мүмкін деп айтылғанымен, соңғы шешімде АТБ пен «Москоммерцбанк» шектеулерден тыс қалған.

2018 жылы Ресейдің Орталық банкі АТБ-ны қаржы пирамидасын құрды деп айыптап, санация режиміне ауыстырған. Сол кездегі иесі Андрей Вдовинге айып тағылып, ол елден кеткен.

Ситуация 2021 жылы өзгерді. Ресей Орталық банкі банктің 100 пайыз акциясын Pioneer Capital Invest компаниясына 14 млрд рубльге сатты. Бұл компания Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қорларымен байланыстырылған. Кейін банктің құрылымы кеңейіп, құрамына «Квант Мобайл Банк» қосылды.

Пікірлер