Кейінгі кезде менен Конституцияны талқылап жатқанда, неге үнсіз қалғанымды жиі сұрап жатыр. Қысқа қайырсам: мағынасыз жұмыстан шаршадым.
Иә, мен – қазіргі Конституцияның авторларының бірімін. Талқылау кезінде екі мәселе үшін күрестім: Конституциялық сотты сақтау және Парламенттің өкілеттігін шектемеу. Бірақ екеуі де қабылданбады. Соған қарамастан, мен бұл Конституциядан ұялмаймын.
Мен Назарбаев пен оның отбасының жеке билігін нығайтуға бағытталған кейінгі түзетулерден ұяламын. Назарбаевтың кезінде-ақ осы масқара түзетулердің барлығын талдап, Конституцияны жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар енгізу туралы ауқымды мақала жаздым. Оның ішінде бір палаталы Парламент те бар.
Тоқаевтың кезінде де енгізілген бірқатар түзетуге қарсы болдым. Әрине, ешқайсы ескерілмеді.
Қазір де солай болмақ. Түзетулер мәтіні әлдеқашан дайындалып қойған және ешкім ештеңені өзгертпейді. Конституциялық комиссия, бұл – фарс. Оның құрамында жүздеген адам бар. Ал заңдардың мәтінін шағын бір топ жазады.
Конституциялық сарапшылар тобында 12 адам болды. Сол кезде де біз Шайкеновтің тобы әлдеқашан дайындап қойған, аяқталған жобаны талқылаған едік. Азаматтық кодексті менің басшылығыммен 12 ғалымнан тұратын топ жазған. Мұнда да солай. Шағын бір топ мәтінін жазды. Ал Конституциялық комиссия оны бірауыздан қолдады.
Мен ғалымдардың өздері ұсынып, тырысып жатқан әрекеттерін құптаймын. Жұмагелді Елубаев, Оразалы Ержанов, Жанар Сүлейменова және басқа да белсенділер бар. Бірақ ол ұсыныстардың ешбірі қабылданбайтынына кәміл сенімдімін.
Конституция манифест емес, бұл — заң. Бағдарлама да емес. Ол болашаққа шақырмайды, қазір барды бекітеді. Сондықтан преамбула туралы мақтаулар мен басқа да насихат ұрандары орынсыз.
Жобаның басты кемшілігі — еркін сайлауды жою. Оппозициялық партия құруға мүмкіндік бермеу, Парламентті тек партиялық тізім бойынша құру — бұл демократиядан бас тарту.
Ең үздік Конституция — 1993 жылғы Конституция болған еді. Одан кейінгілері барған сайын нашарлап барады.
Өкінішке қарай, біздің ұсыныстарымыз ескерілмейді. Ал маған мағынасыз жұмыс істеген ұнамайды. Сондықтан үнсіз қалдым. Осы жазбадан кейін енді бір ауыз сөз де айтпаймын.
"Малымызды атып тастайды" - Тұрғын ауылдың қордаланған мәселесін бүге-шүгесіне дейін ашық айтып салды