Назарбаевқа жақпаған тұңғыш Конституция президенттің құзіретін шектеді

417
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/KBU7pJpV64YH87MHfFL7wXHpafXYyIibupvqzA8Q.jpg

Осыдан 33 жыл бұрын Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы қабылданды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

1993 жылдың 28 қаңтарында тұңғыш Конституцияны қабылдау жиынына сол кездегі Жоғарғы кеңес мүшелерінің 312-сі қатысып, 309 депутат жақтап дауыс берді, үшеуі қалыс қалған еді. Ол кіріспеден, 4 бөлім, 21 тарау және 131 баптан тұрды. Кейін 28 қаңтар Конституция күні боп белгіленді. 

Конституция Қазақстан мемлекеттік егемендігін алған сәттен бергі көптеген құқықтық нормаларды:

  • халықтық егемендік;
  • мемлекет тәуелсіздігі;
  • билікті бөлісу принципі;
  • қазақ тілін мемлекеттік деп тану;
  • Президентті мемлекет басшысы деп тану;
  • сот органдарын — Жоғарғы, Конституциялық және Жоғары Арбитраждық соттар және басқаларды қамтыды.

Конституцияға сәйкес, республикадағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі болып белгіленді, ал орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі мәртебесіне ие болды. Мемлекеттік тілді немесе ұлтаралық қатынас тілін білмеу бойынша азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шектеуге тыйым салынды.

Кейін 1993 жылғы Конституцияда басқару нысаны нақты айқындалмады деген пікір пайда болды. Қазақстан республика деп жарияланғанымен, оның қандай республика екені нақтыланбады деген уәж айтылды. Сол кезеңде елде президенттік те, парламенттік те республиканың белгілері қатар көрініс тапты.

1993 жылғы Конституцияда «қоғамдық келісім», «саяси тұрақтылық», «халық игілігі жолындағы экономикалық даму», «қазақстандық патриотизм», «республикалық референдумда дауыс беру» сияқты ұғымдарға нақты анықтама берілмеді делінді. Бұл ұғымдардың айқын қолданылмауы мемлекеттік саясаттың нақты бағытта болуына кедергі келтіреді-міс. Сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев кейін бұл түсініктерді қолданыстағы 1995 жылғы Конституцияға енгізуге күш салды.

Алғашқы Конституцияны қабылдаған Жоғарғы Кеңес 1993 жылы жергілікті кеңестердің өзін-өзі таратуынан кейін өз жұмысын тоқтатты.

Келесі шақырылымдағы Жоғарғы Кеңес жазушы Әбіш Кекілбаевтың төрағалығымен жұмыс істеді. Бұл орган 1995 жылы Конституциялық соттың шешіміне сәйкес Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен таратылды. Сарапшылардың айтуынша, Жоғарғы Кеңестің екі шақырылымы да президент Назарбаевқа жақпаған.

1995 жылғы 1 наурызда Жоғарғы Кеңес таратылғаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы жарлық шығарып, оның алғашқы сессиясында сөз сөйледі. Өз сөзінде ол Жоғарғы Кеңесті «толыққанды заң шығарушы орган бола алмады» деп айыптады.

«Соңғы жылдары, көпшілікке мәлім болғандай, Жоғарғы Кеңеске ұлттық мүддеден алыс, шамадан тыс өршіл әрі көп сөйлейтін адамдар жиналды. Оның үстіне атқару өкіметіне қарсы тұруда парламенттік көпшілікке бүкіл оппозиция қосылды. Шын мәнінде парламентарийлер атқарушы өкіметті таптап, оны өзіне бағындыруға, сөйтіп осы нақты билік арқылы кредиттерді, инвестицияларды және қаржыны, қысқасы ақшаны бөлуге зор ынтамен кірісті»,-деген сонда Назарбаев.

Сондай-ақ ол өз баяндамасында Қазақстанның алғашқы Конституциясына да тоқталды. Оның айтуынша, бұл Конституцияда тежеу мен тепе-теңдік жүйесі болмаған, парламенттің мемлекет басшысының өкілеттігін қашан тоқтата алатыны және, керісінше, президенттің Жоғарғы Кеңесті қашан тарата алатыны нақты көрсетілмеген болып шықты.

«Негізгі заңды дайындау барысында мен осы қағидаттарды енгізуді талап еттім. Алайда 12-шақырылымдағы парламент (Серікболсын Әбділдин төрағалық еткен шақырылым — ред.) мұны қабылдамады», — деді ол.

Ассамблея сессиясындағы сөзінен көп ұзамай Нұрсұлтан Назарбаев «1995 жылғы 29 сәуірде республикалық референдум өткізу туралы» жарлық шығарды. Жарлықтың 2-тармағына сәйкес, референдумға «1991 жылғы 1 желтоқсанда бүкілхалықтық сайлауда сайланған Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә. Назарбаевтың өкілеттік мерзімін 2000 жылғы 1 желтоқсанға дейін ұзартуға келісесіз бе?» деген бір ғана сұрақ шығарылды. Бірнеше айдан кейін, 30 тамызда, референдум арқылы қазіргі қолданыстағы, Назарбаев тізеге салған Конституция қабылданды.

Алғашқы Конституцияда «Қазақстан президенті бес жыл мерзімге сайланады; президент болып жасы 35-тен кем емес және 65-тен аспаған, Қазақстан аумағында кемінде 10 жыл тұрған азамат сайлана алады», «бір адам қатарынан екі мерзімнен артық президент бола алмайды» деген баптар 1995 жылғы Конституцияға енгізілді. Алайда кейін Конституцияға бірнеше рет түзетулер енгізілуі салдарынан бұл нормалар өзгертіліп, Нұрсұлтан Назарбаевқа ең жоғары мемлекеттік қызметке шексіз рет сайлану мүмкіндігі берілді. 

Тұңғыш Конституцияны аяқасты еткен Назарбаев кейінгі ата заңды іс барысында өзінің құзіретін арттыру үшін пайдаланды.

 

Пікірлер