Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты «Абылай, Уәли және Бөкей хандардың хаттары» атты құжаттар жинағын жарыққа шығарды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы ғалым, тарих ғылымдарының докторы, осы институттың директоры Зиябек Қабылдинов желідегі парақшасында жазды.
Жинаққа XVIII–XIX ғасырлардағы қазақ хандарының Ресей еліне жолдаған хаттары алғаш рет түпнұсқадан тікелей аударылып енгізілді.
Ғылыми басылымға Ресей архив қорларында сақталған 80-ге жуық хат енген. Құжаттарда Қазақ хандығы мен Ресей империясы арасындағы саяси, дипломатиялық және әлеуметтік мәселелер жөнінде құнды деректер қамтылған. Бұл хаттар қазақ билеушілерінің эпистолярлық мұрасы ретінде еліміздің тарихын зерттеуде ерекше маңызға ие.
Жинақтағы ең көне хат 1748 жылдың 2 тамызында, ал ең соңғысы 1814 жылы жазылған. Жалпы мазмұны мен тарихи маңыздылығы ескеріле отырып, басылымға 72 құжат ретінде 80 хат енгізілген. Олардың ішінде Абылай ханның 55 хаты, Уәли ханның 11 хаты, Бөкей ханның 6 хаты, сондай-ақ қосымша хаттар мен түрлі хат қосымшалары бар.
"Оқырмандарға ұсынылып отырған құжаттар жинағының деректер базасын жасақтау, хаттарды саралау, жүйелеу және жалпы жинақты құрастыру, шағатай-қазақ тіліндегі хат түпнұсқасын араб әліпбиімен транскрипциясын жасау, мәтінді қазақ тіліне аудару, қажетті ескертпелер мен түсініктемелер жасау, қазақ тіліндегі мәтіндерді орыс тіліне аудару, хаттардың ескі славян жазуындағы көне нұсқасын аудару жұмыстарына Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкерлері Жанымхан Ошан, Торайғыров Ержан Мұратұлы, Елдос Сауырқан, Марыс Қадылбек, Виталий Сирик, Бейсембаева Ақмарал Рашидқызы және Тылахметова Анар Советқанқызы орындады", - деп жазды ғалым жазбасында.
Сондай-ақ, аталған басылым тарихшы ғалымдарға, ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлеріне, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттеріне, магистранттар мен докторанттарға, сондай-ақ ұлттық тарихқа қызығушылық танытатын қалың оқырманға арналған. Құжаттар жинағы ел кітапханаларына тегін таратылатыны хабарланды.