Президент саясаты мен Абай ілімінің үндестігі

662
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/tbGyVEGHsbI6PZ6zB2wtcgovmtQEnwKcuTYvz1hA.jpg

Мемлекет басшысының сұхбатын оқып, таныстық. Қоғамдағы бірқатар сұрақтардың жауабын алдық. Сонымен қатар, еліміздің рухани болмысы, ұлттық тарих, қоғамның дамуы бағытында да бірқатар сүбелі ойлар қозғалған екен. Әрине, бұл бағытта Президент ең бастысы тағы да Абайды алдыға шығарған. Басқаша болуы да мүмкін емес. Өйткені Мемлекет басшысының өзі айтқанындай Абай ілімі – бәрінен биік.

Президенттің әр алаңдардағы сөзін пайымдасақ, ол Абайға сүйенетінін аңғаруға болады. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруда Қасым-Жомарт Тоқаев Абай өсиетіне бас ұрады. Себебі, Абай мұрасы – тек өткеннің еншісі емес, бүгін мен болашақтың да рухани бағдаршамы. Ол адамгершілік, білім және әділет арқылы қоғамның дамуына жол сілтейді. Мысалы, Абайдың «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деген өсиеті адамға қауіпті іс-әрекеттерден сақ болуға үндейді. Ал, Ұлттық Құрылтайдың ІІІ отырысындағы Президент сөзінде бұл ойдың қазіргі заманға бейімделген нұсқасы көрініс тапты. Ол Абайдың даналығын қазіргі қоғамдағы сын-қатерлермен сабақтастыра отырып, назарды жаңа бес кеселге аударды: нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық. Бұл қауіптерге қарсы күрес тек заңдық жолмен емес, ең алдымен сана мен тәрбиеден басталуы тиіс екені айтылды.

Абай қоғамды әділеттілік пен жауапкершілік арқылы жаңғыртуға шақырса, Президент бұл мұраны нақты іс-әрекетке айналдыру арқылы елдің рухани жаңғыруын қамтамасыз етуді мақсат етеді. Ұрпақтың болашағына алаңдап, Абайдың даналық ойларын мемлекеттің стратегиялық бағытына енгізу – Қазақстанның саналы, әділетті қоғам ретінде қалыптасуына жасалған маңызды қадам.

Біздікі Абай ілімі мен Президенттің саясаты бір арнада тоғысып, рухани негізі берік, болашағы нық Қазақстанды құруға қызмет ете берсін деген тілек. Елдің адаспай, ұлттың болмысын сақтап қалуы, жастардың санасын теріс ықпалдардан қорғауы, ұлттың жаңа сапасының қалыптасуы – осы ілім мен мемлекеттің бірлескен ұмтылысының жемісі болмақ.

Пікірлер