Иранда тоғыз күнге созылған жаппай наразылықтар барысында кем дегенде 35 адам қаза тауып, 1200-ден астам адам қамауға алынды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы DW агенттігіне сілтеп.
Ирандағы адам құқықтары белсенділері ұйымы мен HRANA медиа желісінің 5 қаңтарда жариялаған деректеріне сәйкес, қаза тапқандардың 29-ы наразылық білдірушілер, төртеуі – балалар, ал екеуі қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері.
Желтоқсан айының соңында басталған наразылық елдегі 27 провинцияның 88 қала мен елді мекенін қамтыған.
Құқық қорғаушылардың мәлімдеуінше, қауіпсіздік күштері демонстранттарға қарсы күш қолданған. Бұл әрекеттер Мешхед пен астана Тегеранды қоса алғанда, ірі қалаларда наразылықтың жаңа толқынын туындатқан. Ел бойынша кемінде 17 университеттің студенттері де наразылық акцияларына қосылған.
БАҚ мәліметінше, билік тарапынан жауап ретінде қауіпсіздік күштері бірқатар оқу орындарының аумағына кіріп, кампустарда арнайы операциялар жүргізген.
5 қаңтарда Иран Ислам Республикасының сот билігі наразылық кезінде ұсталған азаматтарға ешқандай жеңілдік жасалмайтынын мәлімдеді. Наразылықтар 28 желтоқсаннан бастап Тегеранның басты базарында басталған. Онда саудагерлер инфляция мен бағаның күрт өсуіне наразылық білдіріп, дүкендерін жапқан.