Ресей Федерациясы құрамындағы Шешенстан Республикасының басшысы Рамзан Қадыров 20 жастағы ұлы Ахмат Қадыровты республика үкіметі төрағасының орынбасары міндетін атқарушы қызметіне тағайындады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Мәліметке сәйкес, Ахмат Қадыров жаңа қызметімен қатар Шешенстанның спорт министрі қызметін де қатар алып жүрмек.
Сонымен қатар Шешенстанның ұлттық саясат, сыртқы байланыстар, баспасөз және ақпарат министрі Ахмед Дудаевтың да қызметі жоғарылаған. Рамзан Қадыров бұл кадрлық өзгерістер үкімет басшысы Магомед Даудовтың ұсынысымен жүзеге асқанын айтып, оларды «кадр мәселесіндегі шағын өзгерістер» деп атады. Бұл туралы ол өзінің Telegram-арнасында жазды.
Шешенстан басшысы ұлының қызметтік өсуін өзінің денсаулығына байланыстырып жатқан ақпараттарды ресми түрде растаған жоқ. Бұған дейін кейбір БАҚ-та Рамзан Қадыровтың жаңа жыл қарсаңында Мәскеуде ауруханаға түскені жөнінде хабар тарағанымен, бұл дерек ресми түрде расталмаған.
Айта кетейік, Қадыров әулетінің өзге де мүшелері Шешенстан билік құрылымдарында жоғары лауазымдарды иеленіп отыр. Мәселен, оның қызы Хадижат 24 жасында Шешенстан басшысы мен үкіметі әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған. Ахмат Қадыров бұған дейін 18 жасында спорт министрінің орынбасары, жастар ісі жөніндегі министр және «Ахмат» футбол клубының президенті болған.
Ал Қадыровтың тағы бір ұлы Адам 16 жасында әкесінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету құрылымын басқарған, кейін Гудермес қаласындағы Владимир Путин атындағы Ресейдің арнайы мақсаттағы университетінің кураторы болып тағайындалған.