АҚШ арнайы күштері тарапынан ұсталған Венесуэла президенті Николас Мадуро Нью-Йорктің Оңтүстік округінің федералдық сотында алғашқы тыңдауда өзін кінәлі деп мойындамай, әлі де заңды президент екенін мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Ол өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, өзін «соғыс тұтқыны» деп атады.
Мадуроға «наркотерроризмге қатысу», автоматты қару мен жарылғыш заттарды сақтау және қылмыстық сөз байласу баптары бойынша айып тағылған. Оның жұбайы Силия Флорес те сотта кінәсін мойындаудан бас тартты. Келесі сот отырысы 17 наурызға белгіленді.
Осы уақытта Венесуэлада билік уақытша президент ретінде Делси Родригеске өтті. Ол АҚШ-ты халықаралық құқық аясында ынтымақтастыққа шақырып, бірлескен даму мүмкіндігін қарастыруды ұсынған. Алайда АҚШ президенті Дональд Трамп Родригеске ескерту жасап, «дұрыс шешім қабылдамаса», ауыр салдарға тап болуы мүмкін екенін айтты.
Куба билігі Каракастағы операция кезінде 32 кубалық әскери қызметкердің қаза тапқанын хабарлады. Ал АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Вашингтонның Венесуэламен соғыс жағдайында емес екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, АҚШ-тың әрекеттері есірткі саудасына қарсы бағытталған.
Дональд Трамп NBC News-ке берген сұхбатында Венесуэлада жақын арада сайлау өтпейтінін айтып, елді «қалыпты жағдайға келтіру үшін уақыт қажет» екенін жеткізді. Сондай-ақ ол америкалық мұнай компаниялары Венесуэлада инфрақұрылымды қалпына келтіру үшін жұмыс істейтінін атап өтті.
«Венесуэла үшін кім жауапты?» деген сұраққа Трамп қысқа ғана: «Мен», – деп жауап берді.