Қазақ футболының ардагері, тәжірибелі ойыншы әрі бапкер Марат Жалғасұлы Есмұратов 65 жасында өмірден озды. Қаралы хабарды Қазақстан футбол федерациясы жеткізді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, жақындарына және барша футбол қауымдастығына қайғыра көңіл айтамыз»,-делінген хабарламада.
Марат Жалғасұлы - отандық футболдың дамуына елеулі үлес қосқан тұлға. Қазақстан ұлттық құрамасының сапында жеті мәрте алаңға шыққан. Кәсіби еңбек жолында «Мелиоратор», «Машук», «Қайрат», СКИФ-«Ордабасы», «Актюбинец», «Мұнайшы» клубтарында өнер көрсетіп, 2001 жылы туған клубы «Қайсар» сапында футболшы мансабын аяқтаған. Ол Қазақстан Премьер-лигасында 265 матч өткізіп, 6 гол соққан.
Жаттықтырушы ретінде «Қайсар», «Ақ Бұлақ», БЖМОРСМ №2, «БТА Футзал» МФК, «Жетісу» және «Алтай» клубтарында жұмыс істеген.