3 қаңтарда АҚШ Венесуэла аумағында әскери операция жүргізді. АҚШ президенті Дональд Трамп америкалық күштердің Венесуэладағы бірқатар нысандарға соққы жасағанын, сондай-ақ ел президенті Николас Мадуроның ұсталып, елден шығарылғанын мәлімдеді. Сарапшы бұл мәселелердің ауаны нені аңғартатынын түсіндірді.
АҚШ тарапының мәліметінше, Мадуро мен оның жұбайына Нью-Йоркте «наркотерроризм», кокаин контрабандасы және қару сақтау айыптары бойынша ресми айыптар тағылған.
Бұл әрекет халықаралық қауымдастықта қызу реакция туғызды. Ресей, Куба мен Иран АҚШ-тың әрекетін айыптап, Венесуэла егемендігіне жасалған «әскери агрессия» деп бағалады. Колумбия шекарадағы қауіпсіздік шараларын күшейтіп, босқындар ағынына дайындалуда. Еуропа Одақ және халықаралық дипломаттар да жағдайды бақылап, құқықтық нормалардың сақталуын талап етуде. БҰҰ тарапынан әзірге реакция болмады.
АҚШ Венесуэлаға шабуыл жасап, президент пен елдің бірінші ханымын тұтқындаған. Желіде операция 30 минутқа созылғаны туралы ақпарат пен президент фотосы да тараған.
Кезінде, 1965 жылы Доминикан президенті Хуан Бош, 1983 жылы Гренада премьер-министрі Морис Бишоп, 1994 жылы Гаити реформаторы Рауль Седра, 1989 жылы Панама президенті Мануэль Норьега да айыпталып, бұл елдерге Америка әскер кіргізіп, билігін күшпен өзгерткен.
Қазақстандық саясаттанушы Нұрболат Нышанбаев бұл қақтығыстың халықаралық саясатқа әсерін атап өтті.
– Біріншіден, бүгінгі бұл шара жаһандық саясатқа үлкен өзгеріс әкеледі. Менің ойымша, алғашқы 72 сағатта жаһандық қауымдастықтың бұл инцидентке қалай жауап қайтаруы әлемдік тәртіптің негізгі нормаларын бекітетін бола ды. Себебі БҰҰ-ның толық мүшесі, тәуелсіз мемлекеттің шекарасын бұзу арқылы тікелей әскери шабуыл жасап, бұл елдің президенті мен бірінші ханымын ұрлау халықаралық нормаларға, соның ішінде БҰҰ Жарғысының 51-бабына қайшы.
Әрине, бұл жерде үлкен геосаяси мүдде жатыр. Десе де халықаралық норма тұрғысынан алғанда, АҚШ тарихында Ирактағы соғыстан кейін, Трамптың билікте отырған кезінде мұндай әрекетке баруы өте ауыр деуге болады. Бұл, басқа мәселені айтпағанда, Американың халықаралық саясаттағы орнына да кері әсер етеді.
– Негізгі себептер қандай? Есірткіге қатысты айыптан бөлек?
– Негізгі себептері, әрине, энергетикалық мүдде, мұнай. Себебі Венесуэла әлемде мұнай қоры бойынша бірінші орында. Тағы да басқа энергетикалық ресурстар жетеді. Ал есірткіге қатысты Венесуэланың соңғы жылдары «Америкаға наркотрафик ұйымдастырды» деген Мадуроға тағылған айыптаулар 2020 жылдан бері жалғасып келеді. Мұндай айыптаулар өте көп. Бірақ бұл айыптаулар АҚШ-тың Венесуэлаға басып кіріп, президентін ұстап әкетуіне негіз бола алмайды.
Соңғы ақпарат бойынша Мадуро қазір Нью-Йорк қаласында делінуде. Бірақ оның жағдайы қандай, ол тірі ме, ол қалай жауап беріп жатыр — мұның барлығы жаһандық саясаттағы үлкен шиеленісті көрсетіп отыр. Оған жауап ретінде Венесуэланың ішкі істер министрлігі мен қорғаныс министрлігінің мәлімдемесінде билікті ешқандай екінші тарапқа бермейтіндігі айтылды. Қазіргі таңда АҚШ Венесуэланың одақтастарынан келетін сигналды күтіп отыр деп ойлаймын.
– Венесуэла сценариі тағы қандай елдерде қайталануы мүмкін?
– Бұл жағдай осы алғашқы үш күндегі, алғашқы 72 сағаттағы жаһандық қауымдастықтың әрекетіне байланысты. Егер бәрі «күшті білгенін жасайды, әлсіз күштінің айтқанына көнеді» деген принциппен қалатын болса, бұл ертең Панамада, Гаитиде, Тайваньда болуы мүмкін. Украинадағы мәселе де осылай бітуі ықтимал. Кез келген Тайланд пен Камбоджа арасындағы мәселе де дәл осылай аяқталуы мүмкін. Сондықтан бұл тек Латын Америкасының емес, жаһандық мәселе деп қарауымыз керек.
– Қақтығыс Латын Америкасындағы саяси тұрақтылыққа қалай әсер етеді?
– Латын Америкасы елдері соңғы кездері үлкен саяси дағдарыс жағдайында. Табиғи ресурстары бола тұра, Куба, Гаити, Панама сынды елдер түрлі мәселелерге тап болып отыр. Егер аймақ елдері бұл мәселеге көз жұма қарайтын болса, болашақта Латын Америкасының ықпалды тараптар — Қытай, Ресей және АҚШ арасында қайта бөлініске түсу қатері туындайды.
– Бұл жағдай қазіргі әлемдік саясатта «күш арқылы тәртіп орнату» тәсілінің қайта жандануын көрсете ме?
– Бұл – әлемге реалистік көзқарастың қайта келгенінің белгісі. Жалпы 1945 жылдан бері сеніп келген либералды институционализм, либерализм және халықаралық нормалардың үстемдігі туралы түсініктердің иллюзия болғанын көреміз. Расында да, бұл БҰҰ негізінде құрылған әлемдік тәртіптен айырылғанымыздың айқын көрінісі. Сондықтан қазіргі таңда бұл жағдай жаһандық қауымдастықты БҰҰ-ны қайта реформалауға, әлемдік тәртіпті қайта қарауға итермелеуі мүмкін деп ойлаймын.
– Венесуэла егемендігі мен халықаралық құқықта бұл мәселе қалай шешілмек?
– Менің ойымша, бұдан кейінгі сценарий бойынша Венесуэлада оппозиция билікке келеді және ол Америка ықпалында болады. Бұл жағдайда Ресейдің ықпалы әлсіреуі мүмкін.
Бұл сырт көзге шұғыл болған оқиға болып көрінуі мүмкін. Алайда менің ойымша, бұған дейін Трамп пен Путин арасындағы келіссөздерде Трамп осындай қадамға бару үшін Қытай мен Ресейдің белгілі бір келісімін алған. Себебі мұндай ықпалды тараптардың үнсіз келісімінсіз АҚШ қатқыл әрекетке бара алмас еді.

