Маңғыстау облысының жастарына педагог мамандығын алуға мүмкіндік беретін пилоттық жоба іске қосылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Асхат Оралов өңірден шыққан, бүгінде Шымкент қаласындағы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде білім алып жатқан студенттермен кездесті.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесу Маңғыстау облысы түлектерін сапалы жоғары педагогикалық біліммен қамтамасыз етуге, өңірдегі мектептердегі кадр тапшылығын азайтуға және білім беру жүйесінің кадрлық әлеуетін күшейтуге бағытталған пилоттық жоба аясында өтті.
Кездесу барысында студенттердің оқу үдерісі, жатақханамен қамтылуы және бейімделу мәселелері талқыланды. Сондай-ақ қатысушылар жобаны одан әрі жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды.
Аталған жоба аясында биылғы тамыз айынан бастап университет Маңғыстау облысынан талапкерлерді қабылдады. Студенттерге тегін оқу, жатақханамен қамтамасыз ету, сондай-ақ тілдік және басқа да үйірмелерге қатысу мүмкіндігі қарастырылған.
Қазіргі таңда жобаға 19 студент қатысып отыр. Олар алғашқы семестрді сәтті аяқтаған. Бағдарлама соңында түлектер мемлекеттік үлгідегі дипломдармен қатар қосымша сертификаттарға ие болады.
Асхат Ораловтың айтуынша, Маңғыстау облысы үшін бәсекеге қабілетті мамандар даярлау – стратегиялық маңызды міндет.
"Біз студенттердің кәсіби және тұлғалық дамуына жағдай жасап, оқу барысында жан-жақты қолдау көрсетеміз", – деді ол.
Кездесуге қатысушылар жобаның болашақ педагог кадрларды даярлаудағы маңызын атап өтіп, оны әрі қарай дамытуға дайын екендерін білдірді.

«AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанатының волонтерлері зардап шеккен екібастұздықтарға көмектесуде