Бибісара Асаубаева шахматтан үш дүркін әлем чемпионы атанды. Турнир Доха қаласында өтті, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Финалдық партияда қазақстандық спортшы Украина өкілі Анна Музычукті жеңді. Ал жартылай финалда Бибісара Қытай шахматшысы Чжу Цзиньэрді үш партияны қатарынан ұтып, сенімді түрде финалға шықты. Музычук өз кезегінде Нидерланд өкілі Элин Руберсті жеңіп, финалға жолдама алған.
Блиц бойынша әлем чемпионатының жалпы жүлде қоры 1 миллион еуродан асты. 21 жастағы Асаубаева бұған дейін 2021 және 2022 жылдары да блицтен әлем чемпионы атанған, сондай-ақ рапидтен әлем чемпионатының күміс жүлдегері болған. 2025 жылы қазақстандық шахматшы FIDE Grand Swiss турнирінде қола медаль иеленіп, халықаралық гроссмейстер атағын алды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық спортшыны шахматтың блиц түрінен әлем чемпионатындағы жеңісімен құттықтады.
«Бибісара Асаубаева Қазақстаннан шыққан блицтен үш дүркін әлем чемпионы және майталман шебер ретінде дүниежүзілік шахмат тарихына енді.
Қазақстандық шахмат қауымдастығы мемлекетіміздің көк туын жаһандық аренада биік желбіреткен отандасымыздың жеңісін мақтан тұтады.
Бибісара Асаубаеваның халықаралық жарыстардағы айтулы жетістіктері мен ел шахматын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін оны ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым»,-делінген құттықтауда.