Көлік жүргізіп, телефон қолданғаны үшін айыппұл көлемі артты

152
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/dPUx7F6zR6oeBpKM66i6gwgUPifeqEAOxAxPPgHR.webp

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Нидерландыда жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін салынатын айыппұлдар орта есеппен 4%-ға өседі. Бұл туралы немістің BILD басылымы жазды, деп хабарлайды "Адырна".

Ең көп қымбаттаған айыппұлдардың бірі — көлік жүргізіп отырып, арнайы hands-free құрылғысынсыз телефон қолдану. Жаңа ережеге сәйкес, мұндай заң бұзушылық үшін жүргізушілер 440 еуро айыппұл төлеуге міндетті болады.

Жылдамдықты аздап арттырудың өзі де едәуір шығынға әкелуі мүмкін. Мәселен, елді мекен ішінде рұқсат етілген жылдамдықтан 5 км/сағ-қа асыру 46 еуроға бағаланады. Ал автобанда жылдамдықты 20 км/сағ-қа арттырғаны үшін 229 еуро айыппұл салынады. Қызыл бағдаршамға өтіп кету кемінде 320 еуро тұрады.

Тұраққа қатысты ережелерді бұзу да қатаң бақыланады. Рұқсат етілмеген жерге көлік қойғаны үшін айыппұл 130 еуродан басталса, мүгедектерге арналған тұраққа заңсыз тоқтаған жүргізушілер 400 еуро төлеуге тиіс.

Сонымен қатар агрессивті жүргізу әрекеттері де қатаң жазаланады. Оң жақтан басып озу — 320 еуро, ал көліктер арасындағы қауіпсіз арақашықтықты сақтамау 380 еуроға дейін айыппұл салуға әкелуі мүмкін.

Маңызды жайттардың бірі — Нидерландыда салынған айыппұлдардан жалтару мүмкін емес. Бұл елде тіркелген айыппұлдар шетел азаматтарынан да өндіріп алынады. Ал төлем уақытында жасалмаса, айыппұл сомасы қысқа мерзім ішінде айтарлықтай өседі.

Пікірлер