Алматыда NEET санатындағы жастар үлесі азайды

148
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/M9Cad6aaEsfhNmQM6otjxdXDwdK1iiErtzFey9QP.jpg

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және жастарды қолдауға бағытталған әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Қала әкімінің айтуынша, әкімдік ең алдымен білім беру инфрақұрылымын дамытуға басымдық беріп отыр. 2025 жылы Алматыда 37,1 мың оқушыға арналған 22 білім беру нысаны пайдалануға берілді. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде алдағы оқу жылына қарай оқушы орындарының тапшылығы айтарлықтай қысқарады деп күтілуде.

Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы көлемі 2025 жылы 25 пайызға артқан. Осыған байланысты медициналық инфрақұрылымды жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінуде. Биыл екі алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету орталығы мен бір емхана салынды. Бұдан бөлек, 32 медициналық нысанды салу және жаңарту жобалары пысықталып жатыр. Жедел медициналық жәрдем қызметінің автопаркі 37 пайызға жаңартылып, 50 жаңа көлік сатып алынды. Жыл басынан бері аналар өлімі 48,2 пайызға, нәрестелер өлімі 5,4 пайызға, ал қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім 16 пайызға төмендеген.

Дархан Сатыбалдының айтуынша, Алматы — жастар қаласы. Осыған орай, олардың білім алуына, еңбекке араласуына және қоғамға бейімделуіне ерекше назар аударылуда. 2025 жылы қалада 11 комьюнити-орталық және 4 «Нарко-STOP» орталығы ашылды. Сонымен қатар, 33 мектептен тыс бос уақытты тиімді ұйымдастыру орталығы жаңғыртылды. Студенттік жатақханаларда 8 мыңнан астам төсек-орын орны құрылды.

«Алматы жастары» бағдарламасы аясында 2 200 отбасыға пәтер кілттері табысталды. Қалада 3 спорттық-сауықтыру кешені ашылып, көше спортына арналған 50 инфрақұрылымдық нысан салынды. Қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде NEET санатындағы жастардың үлесі 8,3 пайыздан 6,4 пайызға дейін төмендеді.

Сондай-ақ жуырда Алматы қаласын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған жоспары қабылданды. Аталған құжат мегаполистің орнықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Жоспарда тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал ететін негізгі басымдықтар айқындалған. Атап айтқанда, көлік жүйесін кешенді дамыту, қолайлы қалалық орта қалыптастыру, әлеуметтік тұрақтылықты нығайту, цифрлық трансформацияны жеделдету және қала қауіпсіздігін арттыру басты бағыттар ретінде белгіленген.

Пікірлер