«Уақыт өткен сайын Желтоқсан неше түрлі аңызға айналып бара жатыр»

152
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/0EtqXbUyoYh67uc5WztBe6ZBpn1kG2Jb6uEM7XvS.jpg

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы туралы айтылған әрбір әңгіме әлі күнге дейін даулы. Бірі оны стихиялы наразылық десе, бірі сырттан ұйымдастырылған бүлік деп түсіндіреді. Ал Желтоқсанның тікелей ұйымдастырушыларының бірі болған Бақтыбек Нұрғожа бұл туралы не дейді?  “Адырна” ұлттық порталына берген сұхбатта ол сол күндердің қалай басталғанын, шерудің қалай ұйымдастырылғанын және жылдар бойы қалыптасқан мифтердің қайдан шыққанын алғаш рет ашық баяндайды.

Аға, Желтоқсан оқиғасы сіздің жадыңызда қандай күйде сақталып қалды?

– Желтоқсан оқиғасы туралы айту – оңай емес. Қанша жыл өтсе де, сол күндердің сезімін сол қалпында жеткізу қиын. Уақыт бәрін көмескілендіреді. Бірақ бір нәрсе анық: біз бұл оқиғаның жай қатысушысы емес, ұйымдастырушысы болдық. Сол үшін бес жігіт айыпталып, сотталдық. Бұл туралы құжат та бар, факті де бар, кітаптар да, мақалалар да жазылды.

– Сол кезде, 1986 жылы өзіңіз қайда оқыдыңыз, неше жаста едіңіз?

– 1986 жылы мен 23 жаста едім. Театр-көркемсурет институтының үшінші курс студенті болатынмын, актерлік музыкалық комедия бөлімінде оқыдым.

16 желтоқсан күні сабақтан жатақханаға келгенімізде студенттер арасында үлкен шу болды. Пленум өтіп, Қонаевты қызметтен алып тастағанын, орнына Ресейден бір адамды небәрі 16 минуттың ішінде тағайындағанын естідік. Бұл бізге жай түскендей әсер етті.

«Бұл не деген көзқарас? Біз халық санатында бармыз ба өзі? Қазақ деген елмен санаспай қойғаны ма? Бұған қашанға дейін шыдаймыз?» – деген сұрақтар бәрімізді мазалады. Сол кезде бірдеңе істеу керек деген ой туды.

Шеру ұйымдастыру туралы шешім қалай қабылданды?

– Ол жылдары шетелдегі саяси қозғалыстарды теледидардан жиі көрсететін. Демонстрациялар, шерулер, саяси тұрақсыздық туралы сюжеттер көп болатын. Біз де ойлана бастадық. Конституцияны, Лениннің ұлт саясаты туралы еңбектерін ақтардық. Сол кезде КСРО Конституциясының 50-бабында бейбіт көшелік шеруге шығуға рұқсат етілетінін білдік. Сонда “ендеше, неге біз де шықпаймыз, ұйымдасайық”,  деген шешімге келдік.

Суретші жігіттердің бірі – Серік Аязбаев Лениннің ұлт саясатына сүйеніп, «Әр халыққа – өз көсемі», «Әр елге – өз басшысы» сияқты алты ұран жазды.

16 желтоқсан түні жатақханаларды араладық: Театр-көркемсурет институты, Шет тілдер институты, Политех, Ауыл шаруашылық институты. Барлығы қолдады.

Түн ортасында Космонавт көшесіндегі тігін фабрикасы жұмысшыларының жатақханасына бардық. Олар да ертең таңертең бірге шығуға келісті.

17 желтоқсан күні таңертең барлығы дайын еді. Ұрандар жазылған, студенттер сапқа тұрды. Біз шамамен 150 студентті бастап, Космонавт көшесімен Сәтбаев көшесіне бұрылып, алаңға келдік. Онда бізбен алдын ала келісіп қойған басқа оқу орындарының студенттері тұр екен. Саны 300-ге жуықтады.

– Биліктің реакциясы қандай болды?

– Билік бізді бірден қоршады. Милиция (ол кезде полиция емес) жан-жақтан тартылды. Кейбір адамдарды ұстап, автозактарға тиеп әкетіп жатты.

Біз тарқамай, шеруді жалғастыруды ұйғардық. Ленин (қазіргі Достық) көшесімен төмен түсіп, Театр-көркемсурет институтының алдынан өтіп, Жазушылар одағына бардық. “Олжас аға, шығыңыз! Бізге жетекші болыңыз”, деп айқайладық.

Жол бойы «Менің Қазақстаным» әнін айтып келдік. Халық қосыла бастады. Бір әже жылап, қолымызды сүйіп, “айналайындар, бар екенсіңдер ғой”,  деді. Сол сәтте шерушілер саны мыңнан асып кетті.

Жазушылар одағынан ешкім шықпады. Қайтадан қозғалып, қыздар жатақханасына барғанда, ол жерді де күш құрылымдары қоршап алғанын көрдік. Қыздар терезеден секіріп шығып жатты.

Кешке қарай алаңға қайта оралғанда халық саны 4–5 мыңға, тіпті 6–7 мыңға дейін жетті. Алаңды әскер қоршады. Ірі калибрлі пулеметтер бізге бағытталды.

«НАЗАРБАЕВ ҰЙЫМДАСТЫРДЫ» ДЕГЕН ӘҢГІМЕ – ӨТІРІК» 

– Кейін не болды?

– Трибунаға шыққан шенеуніктер: “бұл партия шешімі, тараңдар”, – деп үгіттеді.

«Өкілдер шығарыңдар» деді, бірақ біз олардың қайтпайтынын білдік.

Кешке қарай бір пальто киген адам келіп, “жігіттер, тараңдар, кешке күш қолданады”,  деді.

Кейін курстасым оның Назарбаев екенін айтты.

Расында, кейін ойласам, сол Назарбаев болатын.

Сондықтан «Назарбаев ұйымдастырды» деген әңгімелер – өтірік. Ол кезде бір артық сөз айтудың өзі партиядан қуылуға әкелетін.

Кешке қарай өрт сөндірушілер су шашты, әскер кірді. Қақтығыс басталды. Мрамор плиталарды жұлып алып, қарсы тұрдық. Алғашқы күні екі мыңнан астам адам жарақаттанды. Әскердің өзі де госпитальға түсті.

Кейін Алматы жабық қалаға айналды: пойыз да, ұшақ та тоқтады. Бір ай бойы КГБ тексеру жүргізді. Арнайы арандатушылар болғаны анықталды. Олар қозғалысты бүлікке айналдыру үшін жіберілген екен.

Желтоқсаннан кейінгі уақыт сіздің өміріңізді қалай өзгертті?

– Бір айдан кейін бізді тұтқындады. Суреттерді көрсетті. Менің басымдағы ұлттық бөрік арқылы таныды. Ақыры сотталдық.

Қасымда Құрманғазы Айтмырзаев, Юсупхан Шетімбетов, Аманбаев Кәнетов болды. Бірі шыдады, бірі шыдамады. Бұл да тағдыр.

Міне, Желтоқсан осылай басталды.

Бұл – Кеңес одағының ыдырауына апарған алғашқы дүмпу еді.

Ең алдымен бір нәрсені нақты айтайын: Желтоқсанды ұйымдастырғаным үшін мен сотталдым.  Бұл – жай сөз емес, дәлелденген факт. Іс қағаздарының бәрі бар: қай жерде жүргенім, қандай жатақханаларға барғаным, кімдерді ұйымдастырғаным, барлығы құжатпен тіркелген. Сот процесінде 53 адам маған куәлік берді. Сондықтан бұл мәселе әлдеқашан дәлелденген.

Аға, сол күні шеруді ұйымдастырып, алдыңғы шептің қатарында тұрдыңыз, сол сәт туралы барлық шындықты білесіз. Қазір желтоқсан оқиғасы туралы бұрмалау әңгімелер де кездесіп жатады. Сіз көрген шындық пен бүгінгі нұсқада қаншалық айырмашылық бар?

– Өкініштісі – Желтоқсан туралы өтірік әңгіме өте көп. Сөзге жақын халықпыз ғой, біреудің айтқанын тексермей, бұрмалап тарата береміз. Біреу былай дейді, біреу олай дейді. Көбінде шындық жоқ.

Ал шындық өте қарапайым – алғаш Желтоқсанды біз ұйымдастырдық, солай басталды.

Кейін бұл қозғалыс әдейі жаппай тәртіпсіздікке, бейберекет бүлікке айналды. Мұны біз ойлап тапқан жоқпыз. Ол кезде алғашқы Желтоқсан комитеті құрылды, төрағасы сайланды. Сол кезеңде бұл факт КГБ-да жұмыс істеген адамдардың өздері арқылы дәлелденді. Арнайы бөлімде істегендер де, заң қызметкерлері де куәлік берді. Алаңда тұрғандардың бәрі тіркелді.

Тіпті бір қырғыз солдаты бар. Ол алаңда тұрғаны үшін марапат алған екен. Кейін сол марапаттау қағазын бізге жіберіп: «Қанмен келген марапат маған керек емес. Қазақ халқы – маған бауырлас халық. Мен оларға қарсы тұра алмаймын» деп жазыпты. Бұл – нақты құжат, нақты дәлел.

Сондықтан біреу Желтоқсан туралы бірдеңе айтып отырса, ең алдымен «қандай дәлелің бар?» деп сұрау керек. Құр ауыз сөз – дәлел емес. Ал менде барлық құжат түгел.

Оқиғаның шынайы ұйымдастырушылары туралы ең жиі таралған жалған ақпарат қандай?Тарихтың бір тұсын халық дұрыс түсінбей жүр деп ойлайсыз ба?

– Уақыт өткен сайын Желтоқсан неше түрлі аңызға айналып бара жатыр. Бұл кез келген тарихта болады –  шындықтан алыстайды. Соның бірі — «қара пальто киген белгісіз адам бәрін ұйымдастырды» деген әңгіме.

Шынын айтайын, ол әңгімені мен өзім ойлап таптым. Сол кезде КГБ қатты қысым жасады. «Кім ұйымдастырды?» деген сұраққа жауап бермесек, бізге ең ауыр жаза – өлім жазасы да берілуі мүмкін еді. Қан төгілді, үлкен материалдық шығын болды, бәрін біздің мойнымызға іліп қоюы әбден мүмкін еді.

 

Сонда мен балаларға: «Егер кезігіп қалсақ, бір белгісіз адам, қара пальто киген, қара қалпақ киген біреу болды деп айтамыз”, деген ұсыныс тастадым. Ол сол сәттегі амалым еді. Кейін ол адам аңызға айналып кетті. Бірақ ол – менің жеке басымнан шыққан әңгіме, шындық емес.

– Ал бүгінгі Желтоқсаншылардың өмірі қандай, аға? 

– Міне, мен де тірі отырмын. Бірақ Желтоқсан оқиғасына әлі күнге дейін мемлекеттік статус берілген жоқ. Ол «қоғам сұраған, ұлт мүддесі үшін шыққан қозғалыс» деп танылуы керек еді. Сонда ғана әлеуметтік жеңілдіктер, қолдау болар еді.

Бұрын сотталған Желтоқсаншылар 104 адам болатын. Қазір 80-ге де жетпейтін шығар. Олардың көбі өмір бойы психологиялық, моральдық қысыммен өмір сүріп келеді. Сотталып шыққаннан кейін қалыпты өмірге қайта сіңу өте қиын. Ол жара көп адамның өмір бойы ішінде қалды.

Ал бұл – мемлекеттің ісі. Елінің, жерінің намысы үшін жалаң қолмен, жалаң төс қалың әскерге қарсы шығу оңай нәрсе емес. Бірақ кейін

«Кейбір Желтоқсаншылар бұзылды, кейбірі адасты» деп айта салады.

Соғыста да солай ғой. Батырлар бар, бірақ соғыстан кейін бәрі бірдей өмірін түзей алмайды. Баға бір сәтте берілуі керек. 1986 жылдың 17–18–19 желтоқсанында алаңға шыққандар – шынайы батырлар. Ал одан кейінгі өмір – бөлек әңгіме.

Ауған соғысына бұйрықпен барғандарға статус берілді. Ал өз намысымен, елінің, жерінің мүддесі үшін шыққандарға әлі күнге дейін берілген жоқ. Бұл – әділетсіздік. Айырмашылық жер мен көктей.

Егер мемлекет мұны мойындамаса, онда мәселе Желтоқсаншыларда емес, билікте отырған адамдарда. Елінің ерлігін бағалай алмаған басшы өз орнына лайық емес.

Сұхбаттасқаныңызға рақмет!

 

 

 

Пікірлер