Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетіне (ҰҚК) жаңа қызметтер жүктеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Мемлекет басшысы 1996 жылғы 1 сәуірдегі №2922 «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті туралы ережені бекіту туралы» Президент жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі құжатқа қол қойды. Жаңартулар ҰҚК-ның қаржылық мониторинг және мемлекеттік материалдық резервтерді басқару саласындағы өкілеттіктерін кеңейтуді көздейді.
Құжатқа сәйкес, ҰҚК заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға, терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды болдырмауға қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның сұрауы бойынша өз ақпараттық жүйелерінен тиісті мәліметтер ұсынатын болады.
Сонымен қатар, өзгерістер ҰҚК-ның мемлекеттік материалдық резервтер саласындағы функцияларын нақтылайды. Атап айтқанда, комитет материалдық құндылықтардың номенклатурасы мен сақтау көлемі бойынша ұсыныстар енгізеді, мобилизациялық резервтен құндылықтарды қарызға беру немесе жаңарту тәртібімен шығару мәселелерін шешеді, материалдық құндылықтарды сақтау, жаңарту және мемлекеттік органдар арасында тасымалдауды ұйымдастырады және резервтерді сақтау және қалыптастыруға жұмсалатын шығындар бойынша Үкіметке ұсыныстар дайындайды.
Жарлықтың негізгі ережелері 9 желтоқсаннан бастап күшіне енді. Ал мемлекеттік материалдық резервтерге қатысты жекелеген нормалар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданылады.
“Салафиттық-уаһабиттік діни ағымға тыйым салынуы керек”. Зиялы қауым Президент атына ашық хат жариялады
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Украина жерінде ұрысқа қатысқан қазақстандықтарға қатысты тергеу бастады