Егер Украина болмаса, Ресей танкілері Польшада тұрар еді – Каспаров

620
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/jLy5XG8xdzdv2qXHhkEfwT5bOQCDPBSfoZjU2nbT.jpg

Фото: ТАСС/EPA/PETER KLAUNZER

Ресейлік шахматшы және оппозициялық саясаткер Гарри Каспаров Halifax International Security Forum форумында АҚШ-тың Украинаға қатысты ұстанымын сынға алды. Бейнежазба 21 қарашада форумның YouTube арнасында жарияланды, деп хабарлайды “Адырна”.

Каспаровтың айтуынша, Украина – Ресей Федерациясы атты агрессор елдің армиясын тежеп, оның Еуропаға әрі қарай өтуіне жол бермей отырған жалғыз күш.

"Мәселе сіздегі қару-жарақтың мөлшерінде емес. Мәселе – сіз соғысуға және өлуге дайынсыз ба, соған тіреледі. “Латвияда канадалық бригада бар” дейді. Бірақ бұл бригаданың бұйрығы қандай? Егер ресейліктер шекарадан өтсе, бұл бригада оқ ата ма? Жауабы белгілі: бұл апталарға созылатын келіссөздер болады", – деді ресейлік саясаткер.

Сондай-ақ, Каспаров АҚШ президенті Дональд Трамптың бизнес-серіктесі ұсынған "бейбітшілік жоспарын" қалайша байыппен талқылауға болатынын түсінбейтінін айтты.

"Бұл – риэлторлық мәміле, Трамп отбасының байлығын арттыру мақсатындағы cиникалық схема, оның құны – Украинаны сату", – деп атап өтті ол.

Каспаровтың айтуынша, НАТО Еуропаны Ресей агрессиясынан қорғау үшін құрылған, ал бүгінде "бұл – жалған ұйым", себебі бұл міндетті тек бір ғана ел атқарып отыр, ол – Украина.

"Егер Украина болмағанда, Ресей танкілері әлдеқашан Польшада тұрған болар еді. Ал біз әлі күнге дейін оны НАТО-ға қабылдау-қабылдамауды талқылап отырмыз", – деді саясаткер.

Одан бөлек, Каспаров Владимир Путин, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин және "басқа да барлық диктаторлар" қазіргі жағдайға қол соғып отыр деп қосты.

Пікірлер