Тарихшы Айбек Абдурахмановқа қатысты қылмыстық іс тоқтатылды

822
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ri6tqVzCpeOk5I6sa1IgtdS6SsP2Nx7Tsp5yc03y.png

«Глазами истории» YouTube-арнасының авторы, тарихшы әрі блогер Айбек Абдурахмановқа қатысты қозғалған ұлтаралық араздықты қоздыру жөніндегі қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна".

Айбек Абдурахмановтың айтуынша, іс қылмыс құрамының болмауына байланысты жабылған.

«Достар, қылмыстық іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды. Бұл өте қиын кезең болды – денсаулықтан айырылу, отбасы үшін стресс, адвокаттарға кеткен үлкен шығындар», – деп жазды ол.

Бұған дейін де оның адвокаты бұл ақпаратты растаған еді. Тергеу бірнеше айға созылған.

Еске салайық, 30 шілдеде Алматыда Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюро ұйымдастырған баспасөз конференциясында тарихшыға қарсы іс қозғалғаны хабарланған болатын. Ол кезде араздық белгілері Абдурахмановтың тарихи жазбаларынан емес, сол жазбаларға қалдырылған пайдаланушылардың кей пікірлерінен «анықталғаны» айтылған.

Құқық қорғаушылардың мәліметінше, Абдурахмановтың YouTube-арнасында Қазақстанның ХХ ғасырдағы тарихы, оның ішінде ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін тақырыптары кеңінен көтерілген.

Пікірлер