«Менің ағаларым» атты эсселер жинағының тұсаукесері өтеді

772
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/LIeMqm37baf6UGqSjhWcNRxm762g8rrBUYKSgrH3.jpg

«Атамұра» баспасынан Қазақстанның көрнекті мемлекет қайраткері, ғалым, заң ғылымының докторы, тарих ғылымының кандидаты, профессор,  Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммедтің «Менің ағаларым» атты эсселер жинағы жарық көрді.

Бұл жинаққа кейінгі жиырма жыл (2005–2025) ішінде жазылып, қазақ қауымының ыстық ықыласына ие болған халқымыздың аса көрнекті мемлекет және қоғам, ғылым мен мәдениет қайраткерлері туралы таңдаулы эсселері енгізілді.

Серияның алғашқы эссесі «Ғұлама» академик Манаш Қозыбаевқа арналды. Автор ұстаз бен шәкірттің жарасымды сыйластығын баяндап, мейірім мен шапағатқа бөленген жылдардан ой қозғайды. Ал «Ақсарағат» эссесі ғылыми жетекшісі академик Салық Зимановтың майдан мен ғылым жолындағы жорықтарын баян етеді. Сол сияқты Ұлттық Ғылым академиясының Президенті, Лениндік сыйлықтың лауреаты Шаһмардан Есенов, академиктер Рымғали Нұрғали, Төрегелді Шарманов, Өмірбек Жолдасбеков, Зейнолла Қабдолов, профессор Темірбек Қожакеев туралы толғаныстардың әрбірі тебіреніспен оқылады. 

Автор «Қазақстанның Халық Қаһармандары» Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев пен партизан жазушы Қасым Қайсенов жайындағы «Жаужүрек» және «Қаһарман» эсселерін сұрапыл соғыс жылдарындағы көпшілікке белгісіз, нақты құжаттармен дәйектейді. 

Сонымен қатар айтулы қоғам қайраткерлері Камал Смайыловтың, Қалтай Мұхамеджановтың, Шот-Аман Уәлиханның ғибратты ғұмырлары шалқар шабытпен қағазға түскен. Кейінгі кезеңде зор ізденіспен жазылып, оқырмандар ықыласына бөленген зерттеуі қазақтың ғұлама жазушысы Мұхтар Әуезовтің ұлы, мемлекет және қоғам қайраткері, мәдениеттанушы Мұрат Мұхтарұлы Әуезовке арналған. Бұл эсседе кейіпкердің балалық шағынан басталған өмір жолы көркем суреттеледі. «Асылзада» эссесі – автордың қолына алғаш қалам ұстатып, «Әліппеден» бұрын қасиетті «Құранды» оқытқан әкесі Абрар Әкетайұлына сиямен сомдаған ескерткіші. 

Қазақтың ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басындағы айтулы он бес тұлғасын қамтыған бұл кітап – оқырмандар қолына тиетін мол қазына. 

Пікірлер