Санкциядағы ел арқылы. Қазақстан Германияға мұнай экспортын ұлғайтады

1212
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/lAFoO9YnuGvZI2GhMc0eSzg5b3eWfsi2OK7jzHxQ.webp

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен неміс Rosneft Deutschland GmbH компаниясы Германияға мұнай жеткізу жөніндегі келісімшарттың мерзімін 2026 жылдың соңына дейін ұзартты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Келісімге сәйкес, қазақстандық мұнайдың ай сайынғы экспорты 100 мың тоннадан 130 мың тоннаға дейін өседі.

Мұнай жеткізілімі Ресей аумағы арқылы өтетін «Достық» магистральдық құбыры арқылы жүзеге асырылмақ. Бұл бағыт бойынша Қазақстаннан Германияның Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытына мұнай жеткізу 2023 жылы басталған еді.

«ҚазМұнайГаздың» хабарлауынша, экспортқа бағытталатын мұнайдың негізгі бөлігі «Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясының кен орындарынан өндіріледі. Сонымен қатар, 2024 жылдан бастап Германияға жеткізілетін мұнайдың бір бөлігі Каспий теңізіндегі Қашаған кен орнынан, ал 2025 жылдан бастап Теңіз кен орнынан алынады.

Келісімнің ұзартылуы мен жеткізу көлемінің артуы туралы шешім «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасы Асхат Хасенов пен Rosneft Deutschland бас директоры Йоханнес Бремер арасындағы келіссөздер нәтижесінде қабылданған. Тараптар екі ел арасындағы энергетикалық ынтымақтастықты әрі қарай нығайтуға мүдделі екендерін атап өтті.

Сондай-ақ, 2025 жылдың тоғыз айында Қазақстаннан Шведттегі зауытқа жеткізілген мұнай көлемі шамамен 1,5 млн тоннаға жеткен.

Пікірлер