Аманжол көшесі тағы да аман қалмады

1443
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/MXpe99cZ9m2uqHYW1Jr47R36u7Kb9U2I7napiO3a.jpg

23 қыркүйекте Алматыда жауған нөсер жауын Аманжол көшесінің учаскесіне тағы да зақым келтірді. Бір апта бұрын дәл осы аумақта 13 автокөлік зақымданған еді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Тұрғындар «жаңбыр жауса, көшеміз арыққа айналады» деп наразылық білдіріп отыр.

Әуезов ауданының әкімі Абзал Егембердиев тұрғындармен кездесіп, аталған аумақтағы уақытша қолайсыздықтарға байланысты қазіргі жағдайды түсіндірді.

«Қазіргі таңда мұнда «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ тарапынан газ құбырының құрылысына қатысты жер қазу жұмыстары жүргізілуде. Компанияның мәліметінше, қолайлы ауа райы жағдайында құрылыс-монтаж жұмыстары 7 күн ішінде аяқталады»,—деді ол.

Жұмыстар толық біткеннен кейін аудан әкімі аппараты көшені абаттандыру мен жол жабынын қалпына келтіруді қамтамасыз етпек.

Әкімдік жауын-шашын кезінде су басудың алдын алу үшін аумақта тәулік бойы кезекші бригада жұмыс істейтінін мәлімдеді. Айтуларынша, қажет болған жағдайда суды сору, өткелдерді тазалау және суды бұру шаралары жүргізіледі.

Еске салайық, 16 қыркүйекте қатты жауыннан кейін Аманжол көшесінде жол шұңқырланып, 13 автокөлік зақымданған еді. 19 қыркүйекте қала әкімі Дархан Сатыбалды мердігерлерге тиісінше бақылау жасамағаны үшін Әуезов ауданының әкіміне қатаң сөгіс жариялаған болатын.

Пікірлер