Алматыдағы нөсер жауын. Жол опырылып, 13 көлікке зақым келді

1074
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/F1oTAUePLqMGIw4auudC0fAjb3D0QyEIIQkbaMr1.jpg

Алматы қаласында қатты жауын-шашын салдарынан жол опырылып, көліктерге зақым келген, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Оқыс оқиға Әуезов ауданындағы Аманжол көшесінде болған. 

Аудан әкімдігі аппаратының мәліметінше, «Спецстрой Групп ЛТД» ЖШС бұған дейін Аманжол көшесінде тарату желілері жобасының аясында ауызсу және кәріз инженерлік желілерін жүргізу жұмыстарын толық көлемде аяқтаған. Асфальтбетон жамылғысын қалпына келтіру уақытша кейінге қалдырылған.

«Бұл «QazaqGaz» АҚ тапсырысымен 300 мм диаметрлі болат газ құбырын тарту жоспарына байланысты қабылданған шешім еді. Жол төсемін қайта қазудан және тұрғындарға қолайсыздық туғызудан сақтану үшін қалпына келтіру жұмыстары газ құбыры төселгеннен кейін жасалуға тиіс еді»,—деді әкімдіктің баспасөз қызметі.

Алайда жауын суы қолданыстағы арық жүйесі арқылы осы көшеге жиналып, жол төсеміне түсетін салмақты арттырған.

«Бұған қоса инженерлік желілерді алты метрге дейінгі тереңдікте жүргізу топырақ негізін жұмсартты. Осы жағдайға және қатты нөсердің әсері жолдың шөгуіне және жабынның бүлінуіне әкелді. Соның салдарынан 2025 жылғы 16 қыркүйекте жол жабынының опырылып, 13 автокөлік зақымданды. Қазіргі уақытта Аманжол көшесі жабылды. Енді көліктерді эвакуациялау, топырақты шығару және жолды толық тазартқанға дейін балласт төсеу жұмыстары басталады»,—делінген хабарламада.

Әкімдіктің мәліметінше, мердігер ұйым зақымданған автокөліктердің иелеріне келтірілген шығынды толық өтейді. Мәселе Алматы қаласы әкімдігінің бақылауына алынған.

Пікірлер