Еліміздегі ең ықпалды әйелдер рейтингі шықты

1482
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/bx6skgKBwNMDIUp0nYLv6uTPme4M6BnYHuMzFzXj.jpg

Forbes Kazakhstan еліміздегі ең ықпалды 25 әйелдің рейтингін жариялады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Журнал тізімге енген әйелдердің ықпалы олардың жобалары және бизнесінің ауқымымен, қорлардың капиталы мен бюджетімен, сондай-ақ кәсіби мамандардың сенімімен дәлелденетінін атап өтті.

Рейтингті қалыптастыру барысында 120 кандидат қарастырылып, олардың ішінен зерттеу тобы 45 әйелді іріктеп алған. Кейін сарапшылар кеңесі өз пікірін білдірген. Оның құрамына саясаттанушылар, журналистер, кәсіпкерлер және журналдың алдыңғы рейтингтеріне енген тұлғалар кірген.

Көшті «Халық банктің» басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова бастады. Үштікте Қаржылық нарықты реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова мен Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бар.

«Отбасы банктің» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова 4-орында тұр. Ал 5-орынға қоғам белсендісі Аружан Саин жайғасты. 6-орында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, 7-орында «Сәби» қорының негізін қалаушы, кәсіпкер Әсел Тасмағамбетова,8-орында «Ана үйі» қорын құрушылардың бірі Анар Рахимова, 8- орында ҚР Президенті телерадио кешенінің президенті Раушан Қажыбаева тұрса, 10-орыннан «Қазақстан парламентаризмін дамыту қоры» ҚҚ президенті Зауреш Батталова көрінді.

БАҚ саласының жалғыз өкілі, Orda.kz басылымының бас редакторы әрі тең иесі Гүлнара Бажкенова 11-орынға жайғасты. 12-орынға президент көмекшісі Тамара Дүйсенова, 13-орынға Lancaster Group акционері Гаухар Қаппарова орналасты.

Конституциялық соттың төрайымы Эльвира Әзімова 14-орынға шықса, Aubakirova School авторлық мектебінің негізін қалаушы әрі жетекшісі Жәния Әубәкірованың есімі 15-орында аталды.

Одан бөлек, тізімге Астана қаржы орталығы басшысы Елена Бахмутова, Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева, «Дара» қайырымдылық қорының құрылтайшысы Гүлнар Досаева, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова, президент кеңесшісі Күнсұлу Закарья, AIX директорлар кеңесінің мүшесі Әсел Мұқажанова, Zhanna Kan брендінің иесі әрі негізін қалаушы Жанна Кан, Көлік министрлігінің азаматтық авиация комитетінің басшысы Салтанат Томпиева, «Даму» қоры директорлар кеңесінің мүшесі Алина Алдамберген және Qaganat негізін қалаушы Чинара Буғымбаева кірді.

Айта кетейік, Forbes Kazakhstan мұндай рейтингті екінші рет жариялап отыр. Былтыр тізімде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қарындасы, Кемел Тоқаев қорының құрушыларының бірі Қарлыға Ізбастина болған еді.

Пікірлер