Белгілі дзюдошы Елдос Сметов 2028 жылы Лос-Анджелестегі олимпиадаға қатысатынын мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Осыдан тура 1 жыл бұрын арманыма қол жеткізіп, олимпиада чемпионы атандым. Үш олимпиаданың әрқайсысының орны бөлек. Бірақ Париж олимпиадасының алтыны әрдайым биік болып қала береді.
Арманға жету жолында біз көп нәрседен бас тарттық, көп нәрсені тәрк еттік, көп тәуекелге бардық. Дәл осындай қуанышты, дәл осылай арманды барлық спортшы бағындыруына тілектеспін! Олимпиада алтынынан кейін ғана мен өмірімді өзіме, отбасыма, жақындарыма арнай бастадым. Париж алтыны біз алмайтын қамал жоқ екенін көрсетті. Дәл осы жеңісімді 2028 жылы Лос-Анджелесте қайталағым келеді»,—деді чемпион.
Айта кетейік, Елдос Сметов – Рио-де-Жанейро Олимпиадасының күміс, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері. Ол 2024 жылы Парижде өткен олимпиадада чемпион атанды.