“Әйелін 10 жыл бойы сабап келген...” Дипломат дипломатиялық емес баппен бірнеше жылға сотталды

1812
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/I7g9pp69OUk9g8tbKlYwTik9Kv6fRfInRfGakIVD.webp

Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшісінің кеңесшісі болған Сәкен Мамашқа қатысты сот процесінің шешімі белгілі болды. Ол қылмыстық кодекстің 110-бабы (азаптау) бойынша айыпталып, 6 жылға сотталды, деп хабарлайды “Адырна”.

Сот осыған дейін Карина Мамаштың өтініші негізінде жабық форматта өткен еді. Алайда соңғы шешім БАҚ-қа ашық форматта өтті.

Судья Сәкен Мамашты кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жайлы шешім қабылдады. 

«Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 387–390, 393, 395–398, 401–402-баптарын басшылыққа ала отырып, сот Мамаш Сәкен Тәшкенбайұлын ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған орташа қауіпсіздік мекемесінде 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады»,– деп үкімді жария етті судья Артур Әбдықанов.

Сәкен Мамаш 2014 жылдан бастап жәбірленуші Каринамен заңды некеде тұрған. Неке кезеңінде жәбірленуші екі бала дүниеге әкеліп, үй шаруасындағы әйел болған. Ол дипломаттың жұбайы ретінде жәрдемақы алған, алайда, бұл қаражатты Мамаш өзі алып отырған. Үй шаруасына байланысты барлық шығындарды Сәкен Мамаш қаржыландырған.

Сотталушы Мамаштың жәбірленушіге туыстары мен құрбыларымен араласуға тыйым салған, оның қоңыраулары мен хат-хабарларын, жүріс-тұрысын бақылап отырғаны айтылады.

Дипломаттың 2019–2024 жылдар аралығында, Астанада және кейіннен БАӘ, Абу-Дабиде жүрген кезінде жүйелі түрде күш қолданғаны яғни жұдырықпен жәбірленуші денесінің түрлі жерлеріне және басына дене жарақаттарын салғаны туралы да тіркелген.

Сотталушының кінәсі жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, сараптамалық қорытындылармен, бейнежазбалармен, скриншоттармен және өзге де істің материалдарымен дәлелденді делінеді.

Еске салсақ, Карина Мамаштың 10 жыл бойы күйеуі ұрып-соғып келген мәлімдемесінен кейін Сәкен Мамаш Дубайдағы қызметінен елге қайтарылған еді. Елші кеңесшісінің үстінен «азаптау» бабы бойынша іс қозғалған болатын.

Пікірлер