Адалдық пен адамдық: 30 жыл трактор айдап елге қызмет еткен Айсара апа

4847
Adyrna.kz Telegram

30 жыл бойы техниканың құлағында ойнаған Айсара апамыз «Адырна» тілшісіне берген сұхбатында ғұмыр тарихындағы қызықты оқиғалармен бөлісіп, еліміздің агротехникалық өнеркәсібінің болашағы жайлы ойын айтты. Бүгінде жетпістен асып, алтын алқа иегері атанған апамыз қазіргі қоғам жастары жайлы пікір білдіріп, өз ісін сүю арқылы қалай жетістікке жетудің сырын ашты.

- Айсара апа, көпшілікке қызықты болған кәсібіңіз жайлы, 30 жыл бойы қалай трактор айдап қызмет қылғаныңыз туралы айта кетсеңіз:

- Техниканың тілін игергелі сол істі сүйдім. Көлік айдағанды жақсы көрдім. Нарынқолға 1956-жылы көшіп келген соң, колхоз жастары білім алсын деген көптің үгіттеуімен, кеңесімен, Нарынқолдағы кәсіптік техникалық училищесінен білім алдым. Қазіргідей емес, ол уақыттарда трактордың әр темірін егжей-тегжейлі, май-май қылып қолмен ұстатып, аямай көрсетіп, мынау аккумуляторы, мынау моторы деп нұқып отырып үйрететін. Шынына келгенде, мен үшін сол темір терсектің шытырман дүниесі қызық болды. Қатты қызықтым.  3 жыл 4 ай уақыт училищені оқып бітіріп құжат-қағазымды қолыма алдым. Оқу бітіре сала мамандықпен жұмыс жасау әркімнің-ақ арманы, сол уақыттарда 69-жылдары тракторға сменщик болып ауысымда жұмыс жасадым. Әуелі бастамам жер жыртумен басталды. Одан кейін 1-2 ай комбайнға шықтым. Артынша көтермелеген басшылық техниканың тілін жақсы ұғасың деп, қосалқы бөлшектер қоймасына (запчасть склады) қойды. Кейіннен 74-тен 79-жылға дейін бензин қоймасының қараушысы болып істедім. Осындай жинаған тәжірибемнің арқасында басшылықтан оқыған біліміме сай трактор беруін сұраттым. Олар ескілеу келген тракторды берді. Техниканың қыр-сырын жақсы ұғатын шалымның арқасында бірден көлігімді игеріп кеттім. Бір шыққанда 80,100 гектарға дейін жер жыртатынмын. Қыстыгүні бүкіл комплекстердің шөбін тасып, ауыл малшыларының жем-шөпін апарып беріп трактордан бір күн қолымды үзбей, Кеңес үкіметі тарағанша қызмет қылдым. Бір қынжылтатыны, сол уақыттарда 1-2 ай қызмет қылған танысы барлар көтеріліп кеткен еді. Көбісі Ленин орденін алып жақсы атаққа ие болған еді. Біздің ісімізге, еңбегімізге адал болғанымыз соншалық таңның атысы, кештің батысы тракторымыздың жанынан шықпаушы едік. Бірақ кейінірек партия комиссиясының мүшесі етіп көтермелеп қойды. Қазір де құдайға шүкір, қарқыным жақсы. Есік алдында машина атаулы көлік болса кез келгенін айдап, шалымды салып алып жүріп кетемін.

Шалымыз екеуміз 1962-де шаңырақ көтердік. 8 құрсақты болып, алтын алқа иегері атандым. Қазір Құдай бұйыртқан балаларымнан 20 немере, 34 шөбере сүйіп отырмыз. Биыл үйленгенімізге 60 жыл толды. Талдықорғанға барып алтын тойлы отбасылымыз дегесін, «Берік отбасы» деген бағдарламамен үй берді.

- Қандай керемет апа! Көрсеткен қызықтарыңыздың тек жақсылығын көруді жазсын! Жұмысыңыздың қиын да, қызық тұстары жайлы айтсаңыз. Қанша дегенмен әйел адамсыз. Ауыр техниканы игеру нәзік жан үшін қиын болмады ма?

- Кезінде трактористер бір картошканы аударып бітпей жатып, көліктен қарғып түсіп екіншісіне кеткен уақытымда, «аяғыңнан құрисың ғой» дейтін. Бала-шағаның қамы деп ауыр-жеңілдігіне қарамадық. Кеш келіп, ерте кететінбіз. Намысқа тырысып, абыройды ойлап, ұят болмасын деп өз істеген ісімізді адалынан жасау үшін жанымызды беріп, барымызды салатынбыз. Түтін болып келіп, сол кезде денсаулықтың да қамын ойламаппыз. Сонда да бәріне үлгеріп, балаларымызды жуындырып, шайындырып қайта кететінбіз. Кенже қызым әуелі мені бір айлап көрмейтін. «Курорттан қашан келеді» деп жылайды екен. Ол уақытта қайдағы курорт?! Картошка біткенше үй көрмейтінбіз.

- Біраз қиналдық дейсіз. Қазір денсаулығыңыз қалай?

- Денсаулығымыз құдайға тәубә жақсы. Бірақ екі тіземнен кішкене қиналамын.

- 30 жыл деген аз уақыт емес. Бір жұмыстан жалығып, кеткіңіз келіп, шаршаған кезіңіз болды ма?

- Шаршамадым. Жақсы көрген ісің болған соң бәріне көнесің. Тіпті бала-шағам менің трактор айдағаныма намыстанған кезі болды. Неге десең, мектепте мұғалімдері «мына жерден екі тележкамен Айсараның тракторы қарғып шыға келеді» деп мысал айтатын көрінеді. Соны кенже қызым намыс көріп, бір күні үйге жылап келіпті. «Мама, енді тележкамен мектептің жанынан өтпеші» дейтін. Сондай қызықты да көргенбіз. Дегенмен қазір сол бейнетіміздің зейнетін көріп отырмыз. Бала-шағамның бәрі оқыған-тоқыған. Өзіміз ешкімге күнімізді қаратпай, шалымыз екеуміз пенсиямызды алып отырмыз.

Кезінде совхоз бастығы шекарадан үй берейін дегенінде, совхозға жаңа техника келсін деп бұйырған бақтан бас тартыппын. Сол кезде ол кісі «мына кісі жұмысқа әбден беріліп кетіпті ғой» деп айтыпты. Сондағысы біздің қара қан басымызды ойламайтындығымыз ғой. Еліміз дамысын, жұртымыз аш болмасын деген ой екен біздікі.

(Айсара апамыздың трактор көлігін айдау сәтінен)

-Енді қазір агроөнеркәсіп мамандығында біз қатарлы жастар білім алуда. Жарты ғасырға татырлық ғұмырыңызды осы кәсіпке арнаған сізден жақсы бір кеңес алу кез келгеннің арманы. Қандай ақыл айтасыз апа?

- Жасыратыны жоқ қазір жастар жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүруге бейімделіп кеткен. Олар тек ақшаны қайдан көп тапса болады деп ойлайды. Қиын жұмыстан қашып, жеңіліне жүгіреді. Біз жас кезімізде балаларымыз қатарынан қалмасын, ел жегенді жесін, жұрт кигенді кисін деп еш қиындыққа қарамай жұмыс істедік. Қазіргінің жастарына осыларды айтсам, «сұмдық қой, тракторды қалай айдауға болады» деп ертегі айтқандай сенбейді. Мен оларға керісінше, «бұл өзі қызығы мен шыжығы мол жұмыс. Орта қазанның тамағын жеп, кеш келіп, ерте кететін жұмыс» деп жиі  айтып отырамын.

Ең бастысы айтарым, өз істеріңді сүйіңдер. Шыдамды болыңдар! Қиындықтан қашпаңдар. Адам қиындыққа жолыққан сайын шыңдала түседі. Әр өмірлік сабақтан тәжірибе алыңдар дегім келеді.

- Өнегеге, игілікке толы әңгімеңіз бен ақылыңызға алғыс айтамын, апа! Аман болыңыздар! Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен: Дина ЛИТПИН, 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер