Бүгін Құрбан айт мерекесі күні елордалық волонтерлер әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен мұқтаж жандарға ет таратты деп хабарлады “Адырна” ұлттық порталы елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі және «Астана жастары» ЖРО волонтерлері және автоволонтерлерінің ұйымдастырумен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға және мұқтаж жандарға ет таратылды.
«Құрбан айт мерекесіне орай Нұр-Сұлтан қаласының белсенді жастары, қала тұрғындары, аудандық әкімдіктердің, қалалық басқармалардың өкілдері біріге отырып, үш күн бойы мұқтаж азаматтарға ет таратуды ұйымдастырып жатырмыз. Бүгінгі іс-шараға волонтерлер мен автоволонтерлер қатысып отыр. Олардың жалпы саны 500-ден асады. Бұл іс-шара әкімдіктің қолдауымен соңғы бес жылда тұрақты түрде жүзеге асырылып келе жатыр», – деді «Жастар саясаты мәселелері басқармасы» ММ бөлім басшысы. Аян Ерментаев.
Бұл іс-шараның басты мақсат – қасиетті мерекеде мұсылмандық парызды орындау, мұқтаж жандарға көмектесу. Аталған игі істің басы-қасында жүрген жандардың бірі – волонтер Дамир Айтымов.
«Құрбан айт мерекесіне орайластырылып өткізіп жатқан бұл іс-шараның сауабы мол. Құрбандыққа шалған мал етінің бір бөлігін әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен мұқтаж жандарға таратып беріп жатырмыз. Көңіл-күйіміз керемет. Осында игі іске атсалысқаныма қуаныштымын», – дейді волонтер Дамир Айтымов.
”Адырна” ұлттық порталы