SHYMKENT JASTAR LIGASY мәресіне жетті

1843
Adyrna.kz Telegram

Шымкентте оқушылар арасында өткен SHYMKENT JASTAR LIGASY мәресіне жетті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы фейсбук парақшасында қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан жазды.

Оның айтуынша,  SHYMKENT JASTAR LIGASY қала әкімі Мұрат Әйтеновтің бастамасымен осымен екінші жыл қатарынан спорттың төрт түрінен - шахмат, волейбол, баскетбол, футболдан өтіп жатыр.

Оқушылар жыл бойы мектеп аралық ойындарға қатысып, топтық кезеңге жолдама алады. Мамыр айында финалдық ойындар өтеді. Өткен жылы қазан айында басталған SHYMKENT JASTAR LIGASY  Халықаралық балалар күнінде өз мәресіне жетті.

Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы орталық стадионда футболдан финалдық кездесу өтті. Абай атындағы дарынды балаларға арналған №90 мамандандырылған мектеп-лицейі мен Ыбырай Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гиманзиясының оқушыларынан құралған командалар кездесті. Тартысты өткен ойында 3-1 есебімен №65 мектептің оқушылары жеңіске жетіп, Шымкент жастар лигасының чемпионы атанды.

Ойыннан кейін Шымкент жастар лигасының салтанатты жабылу рәсімі өтті. Онда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов сөз сөйлеп, жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтады.

Жарыстың жалпы жүлде қоры 80 миллион теңгені құрады. Спорттың әр түрі бойынша жеңімпаз атанған мектепке 20 миллион теңгеден ақшалай сыйлық табыс етілді. Бұл қаржы мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсалады.

Сонымен «Шымкент жастар лигасында» шахмат бойынша Ө.Жолдасбеков атындағы №9 ІТ лицейдің командасы иеленді. Волейбол бойынша бірінші орынды Әл-Фараби атындағы №113 жалпы мектептің командасы жеңіп алды. Баскетбол бойынша М.Х.Дулати атындағы мектеп-гиманзиясының командасы жарыстың жеңімпазы атанды.

Айта кетейік, жарысқа Шымкенттегі 151 орта мектептен 6 мыңға жуық оқушы қатысты. Жабылу рәсімінің соңы отандық эстрада жұлдыздарының қатысумен өткен концертке ұласты.

 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер