ҚАСІРЕТ
Төлқұжаты "Қазақпын" деп тұрғанмен,
Төл тілінде "әу" дей алмас құлдар көп.
Түр-тұлғасы "Қазақпын" деп тұрғанмен,
Өз тіліне жаны қарсы сұмдар көп.
Ел алдында ел-жерімдеп тұрғанмен,
Шындығында елін сатқан сұмдар көп.
Көркем тілімен "Бір Алла" деп жүргенмен,
Алашымды адастырған діндәр көп.
Көк туым мен Төл теңгемді қор қылып,
Өз Қазағын өзгелерге сор қылып,
Дәстүріңмен сәт санаңды жоқ қылып,
Ел ішінде ойнақ салған жындар көп.
Тояттанып келімсектер кекіріп,
Басқа шауып, төске өрлеп секіріп.
Үй ішінен үй тіккісі келтін,
Ұлыстар бар еркінсіген есірік.
Қайран елім сан сүрініп, жығылып,
Әйтеу өлмей келе жатыр үздігіп.
Ата жауың іргеңдегі білесің,
Кең далама көзін тіккен жұлқынып.
Ойлан Қазак!
Оян Қазақ!
Есінемей, есті жый!
КӨҢІЛ АЙТАМ АЛАТАУ...
Уа! Алатау, Алатау,
Кеудеңе жасың төгіліп,
Етегің қанға бөгіліп.
Еңсең де түсіп езіліп,
Қасіретіне Қазақтың,
Отырсың ба егіліп?!
Уа! Алатау, Алатау,
"Он алтыншы Желтоқсан"
"Қанды қасап Қаңтарда",
Барыс жылы болыпты.
Болғанын барыс қайтейін,
Жазықсыз Қазақ қан берді,
Сұраусыз Қазақ жан берді.
Айласын кімдер асырды?
Сұмдығын кімдер жасырды?
Білесіңбе Алатау?!
Уа! Алатау, Алатау,
Алыстағы Қаратау,
Арқадан келіп Ұлытау,
"Бауырымдап"
Жоқтау айтты ма?
Бөлісіп бірге қайғыңды,
Көрісіп көңіл айтты ма?
Қимайда-қимай қоштасып,
Еңіреп жылап қайтты ма?
Еңсеңді көтер Алатау!
Уа! Алатау, Алатау,
Басыңды көтер ел үшін,
Елім деп туған ер үшін.
Өзіңдей қымбат Қазаққа,
Қасиетті жер үшін.
Сабырға кел Алатау!
Жамандық жерде жатпайды,
Әділдік деген шын болса,
Жазықсыз өлген Халықты
Әманда бір күн ақтайды.
Куә бол соған Алатау,
Қайғыңа менде ортақпын,
Қамыға берме Алатау.
Қан жылай берме Алатау!
АМАНАТ
Абылай мен Бөгенбай,
Қабанбай мен Наурызбай.
Малайсары, Жәнібек
Баян батыр, Райымбек.
Хан кене мен Исатай,
Оспан батыр, Кейкіден,
Күш алса Қазақ адаспас.
"Алаш орда" жолымен,
Әлихан баба ойымен.
Ахмет түзген "Әліппе",
Қасиетті ана тілімен.
Міржақып пен Мұстафа,
Мағжанның үнімен,
Үндессе Қазақ адаспас!
Абайдың "Қара сөзі" мен,
Махамбеттің жырымен.
"Бой-тұмары" Қазақтың,
Мұқтардың "Абай жолы" мен,
Абайдың болған тынысы,
Шәкәрімнің тілімен,
Тілдессе Қазақ адаспас!
Қайраты бойда тасыған,
Қажымұқанның күшімен.
Өресі биік өзгеден,
Сәтбаев Қаныш ісімен.
Жұмабектей айбатты
Арыстанның ізімен.
Жүргенде Қазақ адаспас!.
Мұзбалағы жырымның,
Мұқағали лебімен.
Сиқырлы тылсым дүние,
Шәмшінің сырлы сазымен.
Шанағы толған құдірет
Нұрғисаның күйімен,
Сырласса Қазақ адаспас!
Ақселеу айтқан аңызбен,
Шераға шерткен шерімен.
Алтынбектей арыстың
Арманы кеткен өзімен,
Заманбектей тұлғаның,
Шындығы кеткен өзімен,
Мұңдасса Қазақ адаспас!
"Желтоқсан" зарлы желімен,
Қаңтардың жауған оғымен...
Көк тұманның ішінде,
Желбіреген туымен.
Қасқайып шыққан алаңға...
Намысы биік рухымен,
Қазағым жолдан адаспас!
БІЗ КІМНЕН КЕМБІЗ АҒАЙЫН?
Тұғыры биік ту барда,
Құдіретті Ана тіл барда.
Атадан қалған "Аманат",
Қасиетті жер барда,
Біз кімнен кембіз ағайын?!
Намысы биік ұл барда,
Ұжданы берік қыз барда.
Атадан қалған асылдай...
Жарқырап туған, жас барда,
Біз кімнен кембіз ағайын?!
Айнала толған жау барда,
Қисынсыз жалған дау барда.
Есесін елге бермейтін,
Көкірегі ояу, көз ашық,
Арыстарым тұрғанда
Біз кімнен кембіз ағайын?!
Ұлты үшін "у" да, ішетін,
Тайсалмай дауға түсетін.
Азыу садақ, тіл жебе,
Қадалған жерін тесетін,
Арланындай Алаштың,
Ақындары тұрғанда.
Біз кімнен кембіз ағайын?
ЗАМАН-АЙ!
Шыңына шықпай шындығың,
Шыңырау да қалған заман-ай.
Шырмауық басқан шалғының,
Шырмау да қалған заман-ай.
Қанатын кесіп Сұңқардың,
Сорлатып қойған заман-ай.
Тұяғын кертіп Тұлпардың,
Тұсау ғып қойған заман-ай.
Ботасын іздеп "Боз інген",
Боздатып қойған заман-ай,
Запран ащы зарымен,
Зарлатып қойған заман-ай.
Асқағым Алатауымды,
Шөктіріп қойған заман-ай,
Қып-қызыл қанға бауырымды,
Бөктіріп қойған заман-ай.
Қара тау қатпар белімді,
Қайғыға салған заман-ай,
Жетісу байтақ елімді,
Жетім ғып қойған заман-ай.
Сарыарқа сайын далама,
Салмағын салған заман-ай.
Сыр дейтін сырлы дәрияма,
Қармағын салған заман-ай.
Қаңтар мен келген Барысқа ,
Қақпанын құрған заман-ай.
Барыстай қайтпас Батысты,
Қаңтартып қойған заман-ай.
Түзелер көшіп, көш керуен,
Дүрмекке салма заман-ай.
Түйінін шешіп, дес берген,
Күрмеуге салма заман-ай.
АҚИҚАТ
Жылғалардан жұлқына аққан бұлақтай,
Көк жотадан ытқып шыққан құр аттай.
Өмір саған кейде ерік бермейді,
Нысанаға алса тынбас құлатпай.
Арайланып атқан таңғы шуақтай,
Айдын көлді аққу-қаз кеп, шулатпай.
Тіршіліктің сені оятар түрі жоқ,
Тірлік үшін сен ояусың таң атпай.
Асқар тауға ақша бұлт кеп, мұң артпай,
Ақ жауында төге салмас, үн қатпай.
Жердің бетін бір сілкілеп алады,
Қара құйын тыныштықты ұнатпай.
Қағып-сілкіп тастап қойған тулақтай,
Домаларсың бағдарың жоқ қаңбақтай.
Өмір сені аямайды ешқашан,
Тіршілікте адам болып жол таппай.
Тағдырымды тау ішіне байлаған,
Қазақ едім сахараны жайлаған.
Тауды тастап, тас қамалға сабылдық,
Өмір кештік қан базарда қайнаған.
Дүниеге Қазақ болып туылып,
Кейде бостық, өз жерінен қуылып.
Бабам қимай тастап кеткен мекенге,
Бір ғасырда әрең жеттік
үзідігіп.
Тарпаң тағдыр жігерімді құм қылды,
Сонда дағы жоғалтпадым рухымды.
Тілім, тегім, қаным Қазақ болған соң,
Өле-өлгенше сүйіп өтем ұлтымды!
АҚЫН ДЕГЕН КІМ ӨЗІ?...
Ақын деген кім өзі?
Қара сөздің қаймағын,
Қалқып жеген пенде ме?
Сара сөздің саумалын,
Сарқып ішкен пенде ме?
Ақын деген кім өзі?
Шабытымен шок үрлеп,
Ой қазанға от жаққан,
Сыбаға етіп жырларын,
Өлеңмен кәде-сый тартқан,
Жаны жомарт пенде ме?
Ақын деген кім өзі?
Ойламы терең орақ тіл,
Шешен тілді шебер ме?
Сөзі маржан, ой асыл,
Көркем сөзді көсем бе?
Ақын деген кім өзі?
Орны төрде, қариядай,
Сыйлысы ма Алаштың?
Жаны таза, дариядай,
Қимасы ма Қазақтың?!
Ақын деген кім өзі?
Оңаша қалар ойымен,
Ой "перісі" емес пе?!
Думандатар тойымен,
Той "Серісі" емес пе?!
Ақын деген кім өзі?
Азылы садақ, тіл жебе,
Жыр мергені емес пе?
Асылдан жиған қазына,
Сөз зергері емес пе?
Ақын деген кім өзі?
Арғымақтай көселген,
Жыр жүйрігі емес пе?!
Заманың қуған түлкісін,
Ой жүйрігі емес пе?!
Ақын деген кім өзі?
Байлардың болмай
"Дүлдүлі",
Сарайдың болмай
"Бұлбұлы".
Акиқаттың жолынан,
Адаспаған арынды,
Жағампаз бен болмысы
Жараспаған, жағымды.
Ардан аттап кетпейтін..
Өлең сөздің сарасы
Сөз "Патшасы" емес пе?!
ӨМІР ДЕГЕН...
Өмір деген - шуағы ма көктемнің?
Өмір деген - самалы ма көк белдің?
Өмір деген - белесі ме бөктердің,
елесі ме - естелігі өткеннің.
Өмір деген - жадыраған жаз ба екен,
Тізбектеліп қайтқан күзде қаз ба екен,
Әлде өмір Мұқағали толғаған -
Хан тәңірі, қайран Қарасаз ба екен?
Өмір деген - жауған қыста қар ма екен,
Таптатпаған, қардан да аппақ ар ма екен.
Мүмкін өмір "Көк Байрағын" көтеріп,
Жеңіс туын желбіреткен нар ма екен.
Өмір деген - өзен бе екен тасыған?
Өмір деген - жетім бе екен, жасыған?
Өмір деген - еркегі жоқ сүйенер,
Ана ма екен көп балалы ашынған?
Өмір, әлде - көшкен бұлт па көктегі,
Түз тағысы арлан ба әлде, көк бөрі?
Бәлкім, өмір, бір анадан туылған,
Араздасқан ағайын ба, өкпелі?
Өмір деген - ор қоян-ау, секірген,
Әлде ессіз ақымақ па есірген?
Өмір бәлкім, ата сөзге тоқтаған,
Азамат па, сатқындықты кешірген?
Өмір деген - асқаралы тау болар?
Аласұрып зұлмат артқан жау болар,
Мүмкін, өмір, жолдасынан айырылып,
қаралы үйде жоқтау айтқан жар болар?
Өмір, бәлкім - жаңа еккен тал шығар,
Ала жаздай ара жиған бал шығар.
Жастығы өтіп, қарттар үйін мекендеп,
Туған ұлы тастап кеткен шал шығар?
Өмір жайлы мен де айтып жетпеспін,
Шынымды айтсам, келмейді екен кектескім.
Жүргенім шын, жетегінде желігіп,
Өлмей тұрып, оны тастап кетпеспін!
Қайрат ҚҰМАТАЙ