«Ануш» — мемлекеттік спорттық тапсырыстың аясында жан басына қаржыландыру жүйесі бойынша жұмыс істейтін Шымкенттегі ең үлкен спорт кешені. «Нұрсәт» шағынауданында орналасқан бұл кешенде спорттың 5 түрі, атап айтқанда, каратэ, таеквондо, дзюдо, бокс және еркін күрес бойынша 1 200 бала жаттығады.
—Қазір адамдар спортпен айналысу баланың денсаулығына да, тәрбиесіне де пайдалы екенін жақсы түсінеді. Күнделікті спорт залға келетін жеткіншектер түрлі жаман әдеттерден аулақ болып, ерік-жігері мен табандылығын шыңдайды. Болашақта мұндай балалар қиындыққа төзімді, тек қана алға ұмтылатын азамат болып өседі. Сол себепті ата-аналардың да, балалардың да ықыласы күшті. Бізде олардың алаңсыз әрі қауіпсіз жаттығуына барлық жағдай жасалған, — дейді «Ануш» ЖШС-нің директоры Ержан Бестереков.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мұқсұт Исаховтың айтуынша, мемлекеттік спорттық тапсырыстың аясында жұмыс істеу үшін 109 кәсіпкерден өтінім түскен. Талапқа сай келген 67 кәсіпкердің өтінімі мақұлданған. Олар 137 спорт кешенінде балаларды спорттың 16 түрі бойынша жаттықтырып жатыр. Тағы 12 өтінім қаралып жатса, талапқа сай келмеген 30 өтінім кері қайтарылған.
—Биыл 14 мың балаға бюджеттен 2 миллиард 323 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Ата-аналардан 15 281 өтініш түссе, соның 13 700-імен келісімшарт жасалған. Осы бағыт бойынша Шымкент республикада бірінші орында тұр. Бұл — бағдарламаның артықшылығы ата-аналар баласын қай секцияға, қай спорт түріне беретінін өзі шешеді, — дейді қала әкімінің орынбасары.
Балалар тек жекпе-жек түрлеріне ғана емес, өзге спорттарға да қызығады. Мәселен, «Basket Kids» серіктестігіне қарасты х4 спорт кешенінде 500 бала баскетболмен, 220 бала волейболмен айналысады. Ал, «Мадейра Мерей» спорт кешенінде 384 жасөспірім жүзумен айналысып жатыр.
Кәсіпкерлер мемлекеттік спорттық тапсырыстың аясында жан басына қаржыландыру жүйесі бойынша жұмыс істеудің тиімді екенін түсініп, осы бағытқа бет бұруда. Мәселен, Абай даңғылының бойындағы бұрынғы «Ырыс» тойханасы спорт кешені болып қайта жасақталған. Ал, «Тұран ГХА» және «Отырар» спорт клубы» компаниялары жаңа, үлкен әрі заманауи спорт кешендерін салып жатыр.
Айта кетейік, егер балаңызды тегін өнер үйірмесі немесе спорт секциясына жаздырғыңыз келсе, www.artsport.edu.kz порталы арқылы өтініш беруіңізге болады.