Әміржан Қосанов: Сайлау кезіндегі таңдауыма еш өкінбеймін, өйткені ел аман қалды

2873
Adyrna.kz Telegram

Белгілі саясаткер, оппозиционер Әміржан Қосанов осыдан 2 жыл бұрын президенттік сайлауға түсіп, халықтың зор ықыласына бөленген еді. Алайда сайлаудан жеңіліс тауып, сайлау қорытындысын бірден мойындап, Тоқаевты құттықтады. Халық бұл ісіне ашуланып, түрлі қауесеттер тарады. Қосанов “Адырна” тілшісіне бұл жайттың шындығын баяндады.

Өзіңізде кезінде президент сайлауына түстіңіз. Жалпы, ел басшысы халық басына қайғы түскенде алдыңғы қатарда жөн сілтейтін адам. Елбасымыз қайғылы қаңтар қырғыны “аяқталғаннан кейін” ел алдына күтпеген жерден шығуына не себеп?

Әміржан Қосанов: Оның біраз уақыттан кейін ғана өз елінің алдына шығуын, мен сол күндері бас билік ішінде болған, біз біле бермейтін құпия, жасырын келіссөздермен байланыстырам. Меніңше, қазір де сол келіссөздер жалғасуда.

Менің сайлауға қатысқаным туралы бір ауыз ғана сөз қосайын, рұқсат болса.

Мен сол кезде сайлау қорытындысын мойындауымның артында «ішкі және сыртқы күштер араласып кетіп, «әр қазағым – жалғызым» құрбан болмаса», мемлекеттіктен айырылып қалмасақ» деген ойым ғана болды.

Өз карьерамды ойлаған жоқпын, халқымынң амандығын ойладым. Иә, одан кейін мені біраз адам, соның ішінде радикалды оппозиция өкілдері сынады.

Шетелде жүріп, елді революциялық, төңкеріс жолымен өзгерткісі келетіндердің ел ішінде жүрген серіктестері де жоқ емес. Бәлкім, олар сол күні бір қырғын болғанын, соның арқасында билікке келуді жоспарлады ма, кім білсін (маған сондай ақпарат түсіп жатты).

Ол кездегі таңдауыма еш өкінбеймін, өйткені ел аман қалды. Ал қазіргі жойқын қырғынның кезінде қаншама бейбіт адам қырылды десеңізші! Олардың қаны біреулердің мойнына жазылмай ма?

“Адырна” ұлттық порталы

 

Пікірлер