Қазақстан Сауд Арабиясын қолдайтынын білдірді

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/dVEgTo8VNzKRIXoFfb5R3xHtGXSesPIif60nIoW6.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясы Корольдігінің Қазақстандағы елшісі Файсал Әл-Кахтаниді қабылдады. Бұл туралы Ақорда жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Президент еліміздің Сауд Арабиясымен ынтымақтастықты жан-жақты нығайтуға айрықша мән беретінін айтты. Сондай-ақ ол Мұхаммед бен Салманды Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақыратынын растады.

Файсал Әл-Кахтани өз елінің Қазақстанмен стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге бейіл екенін айтты. Ол жақында қол қойылған Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім, сондай-ақ екі ел арасында Координациялық кеңес құру тиімді байланыстарды жандандыруға жол ашатынына назар аударды.

Бұдан бөлек, дипломат Таяу Шығыстағы күрделі ахуалға байланысты Қазақстан Президентінің көрсеткен жан-жақты қолдауына Сауд Арабиясы басшылығының шынайы ризашылығын жеткізді. Сонымен қатар Қазақстанның бітімгерлік келіссөздерді киелі Түркістан шаһарында өткізу туралы бастамасының өзекті екеніне тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтың тұрақтылығын, қауіпсіздігі мен орнықты дамуын қамтамасыз ету әрекеттеріне алдағы уақытта да жәрдемдесуге әзірлігін, сондай-ақ Сауд Арабиясына және Шығанақтағы барлық елдерге тілектестігін білдірді.

Кездесу соңында президент Қос киенің сақшысы, Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбделазиз Әл Саудқа және Тақ мұрагері, Премьер-министр Мұхаммед бен Салман Әл Саудқа ыстық ықыласы мен сәлемін жолдап, бауырлас Сауд Арабиясы халқына бақ-береке тіледі.

 

 

Пікірлер