«Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар»

4014
Adyrna.kz Telegram

Қалалық балалар шығармашылық мектебінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай, Едіге батыр жырын жатқа айту бойынша 6-10 сынып оқушылары арасында облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен «Тұлпар мініп, ту алған» облыстық байқауы өтті.

Бұл байқауға үздіктердің үздігі аудандық және қалалық кезеңдердің жеңімпаздары қатысты. Сонымен қатар талапты оқушылардың додасында қалалық шығармашылық мектебінің «Индиго» би тобы өнер көрсетті.

Білімді жастардың өнерін құрамына ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Алтын қалам» сыйлығының иегері Ақылбек Шаяхмет, Ө.Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры, ақын Серікбай Оспанов, А.Байтұрсынов атындағы өңірлік университетінің «Тіл және әдебиет теориясы» кафедрасының меңгерушісі Қарлығаш Нұрмұхамедова, актер, І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры Әлімхан Мырзахан кірген әділ қазылар алқасы семинарға қатысып, жеңімпаз атанамын деп келген әр ауданның, әр қаланың намысын қорғаған білімді шәкірттерге тисілі бағасын қойды.

Әділ қазылардың шешімімен облыстық «Тұлпар мініп, ту алған» байқауының бас жүлдесін Рудный қаласының оқушысы Нұрсила Абедова жеңіп алып, 600 мың теңге сыйақыға ие болды. Ал жеңімпазды дайындаған ұстаз Қымбат Бирмановаға 500 теңге сыйақы ұсынылды. 1-ші орынды иеленген Қарабалық ауданының оқушысы Алтынай Өмірзақоваға 500 теңге табыс етілді. Оны дайындаған жетекшісі Алмабике Ескендіроваға 450 мың теңге көлемінде жүлде бұйырды. Ал 2 орын алған Қостанай ауданының оқушысы Шапағат Құрманғазықызы 350 мың теңгеге ие болды. Оның ұстазы Толқын Аймағанбетоваға 300 мың теңге табыс етілді. 3 орынды қанжығасына байлаған Жандос Қасаев 250 мың теңгенің иегері атанды. Ұстазы Жандос Паниязға 200 мың теңге берілді.

Міне, осылайша облыстық байқаудың жеңімпаздары тиісті дәрежеде марапатталды. Білім додасына қатысқан басқа да оқушылар сертификат пен 20 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықтың иегері атанды.

-Байқауға оқушылар жоғары дайындықпен келгенін байқадық. Осындай доданың ұйымдастырылатынын білгеннен бастап, ұстаздарымен күнделікті дайындық жұмыстарын жүргізген. Бұл оңай емес. Сондықтан бүгін байқауға қатысып, білімдерінің тереңдігін танытқан оқушыларға алғысымызды білдіреміз. Сондай-ақ осындай білікті шәкірттер дайындап жүрген ұстаздар қауымына де үлкен рахмет. Әрдайым оқушылары биіктерден көріне берсін,-дейді облыстық білім басқармасының бас маманы Қаламқас Қаратаева.

«Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деп бекер айталмаса керек. Қазіргі білімнің орны ерекшеленіп тұрған кезде білікті де білімді шәкірттеріміздің саны арта түссе, нұр үстіне нұр болар еді.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА

Пікірлер