Жегенді желкеден шығарудың түрлі тәсілі

7205
Adyrna.kz Telegram

 

    Бәленшенің жегені желкесінен шығыпты. Оны ұстап берген Түгенше екен. Әй, бірақ, өзіне де сол керек! Дәнігіп қойса жарар еді-ау, құнығып кетті ғой, пақыр. Енді не істейді екен? Сотталады ғой! Мерзімі біткенше шартты түрде де босап шыға алмайды дейді...

     Иә! Жоғарыдағыға ұқсас әңгімелерге құлағымыз үйреніп қалды ғой әбден. Қатты таңғала қоймаймыз. Көбісіне «ааа», «еее» деп отыра беретін хәлге жеттік. Былтырғы жылмен салыстырғанда биені бүгімен,  түйені түгімен қарбыта салатындар 11 пайызға артыпты ел ішінде. Жақсылықтың нышаны емес, әрине! Қауіпті әрі қорқынышты. Осы мәселе ел президентін де ойлантса керек. Жаңа заңға қол қойды. Енді жемқор атаулы мерзімінен бұрын босап шықпайды. Әй, бірақ бұл заңды олар пысқыра қояр ма екен?  Заң демекші әлемдік тәжірибеде осы мәселе қалай өзі? Жемқорды жазалаудың қандай түрлері бар? «ҚОР»-лықпен өзге елдер қалай күреседі? Үңіліп көрейікші...

Ұрлағаныңды үш есе қайтару және 15 жыл «бонус»

Жемқорларды тұқыртуда қатал заңның бірі АҚШ-та қолданылады. Аталған елдің заңнамасы бойынша парақорлық пассивті және активті деп қарастырылады. Сәйкесінше, жазалануы тиіс қылмыскер ақшаны үш есе үстемемен қайтарады және 15жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Үйеңкі жапырақты елдегі жазалау түрі

Канада да сыбайлас жемқорлықпен ұсталғандарды түрме күтеді. Аталмыш елдің сотында немесе заң шығарушы органында жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкер қандай да бір жемқорлық әрекетке жол берсе, 14 жылға дейін темір торға тоғытылады.

Қызметінен шеттету

Финляндияның қылмыстық кодексінде қандай да бір лауазымды тұлға сыбайлас жемқорлықпен айналысса, оған әртүрлі жазалар қарастырылған. Айыппұл салу немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру. Сонымен қатар, 2 ай мен 4 жыл шамасында жұмысынан шеттету, белгілі бір қызметпен айналысуға тиым салу сынды жазалар жүзеге асады.

Парақорларды онлайн бақылау

        Азияға ауыссақ. Бұл құрлықта парақорлармен күресте өзгеше әдіс қолдана білген елдің бірі - Оңтүстік Корея. Кореяда 1999 жылдан бастап OPEN бағдарламасы іске қосылған. Бағдарлама арқылы тұрғындар қандайда бір сыбайлас жемқорлыққа қатысты іс-әрекеттің куәсі болған жағдайда тиісті орындарға өз шағымдарын түсіре алады.

Радикалды жазалау

Парақорларды жазалауда қатаң тәртіп ұстанатын ел – Иран. Себебі, мұнда жемқордың жазасы көп жағдайда – өлім. Иранда пара көлемінің аз немесе көп болуы маңызды емес. Былыққа қатысың болса болғаны жағдайың мүшкіл деген сөз. Сонымен қатар, жазаның «жеңілдеу» түрі қарастырылған. Ол – қылмыскердің саусағын шабу.

Миллиард халқы бар Қытайда жемқор қалай жазаланады?

Радикалды жазалауды қолданатын санаулы елдердің санатында – көршілес Қытай Халық Республикасы.  Себебі, аталған мемлекетте 1980 жылдардан бері қылмыскерлерге қатысты ату жазасы көпшілік алдында тұрақты түрде орындалып келеді.

Ағын АЙДЫН, «Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер