“Қазгидромет” Алматы мен еліміздің бірнеше қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайларға байланысты ауа сапасының нашарлайтынын ескертті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Ресми мәліметке сәйкес, 10 сәуір күні Павлодар, Қарағанды, Жезқазған, Балқаш, Теміртау, Өскемен және Алматы қалаларында ауа құрамының ластануына ықпал ететін метеожағдай қалыптасуы мүмкін.
“Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар – бұл атмосферада желдің бәсеңдеуі, тұман, инверсия сынды табиғи құбылыстардың жиынтығы. Олар зиянды заттардың жер бетіне жақын қабатта шоғырлануына ықпал етеді”, – делінген хабарламада.
Алматы қаласында 10 сәуір күні ауыспалы бұлтты, жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Жел – оңтүстік-батыстан, жылдамдығы 4–9 м/с.
Түнгі температура +10…+12°C болса, күндіз +20…+22°C көрсетеді.
Мамандар тұрғындарға мүмкіндігінше ашық ауада ұзақ болмауға, қорғаныш құралдарын қолдануға және денсаулыққа мұқият болуға кеңес береді.