Дархан дарын. Дулат Исабеков шығармашылығы туралы толғаныс

1361
Adyrna.kz Telegram
Біз Әуезовтей алыпты көрген жоқпыз, бірақ оның тағылымын алып, қазақ әдебиетіне алпысыншы жылдары қосылған тегеурінді топтың шығармаларымен жетілдік. Бұлар университет тауысып, әлем әдебиетінің алуан бұлақтарынан мейірі қанғанша сусындаған өте білімді, оқымысты буын еді. Сол қатардың топжарғаны Дулат аға Исабеков дүниеден озыпты.

Оның жетпісінші жылдары жазылған «Гауһартас», «Сүйекші», «Дермене», «Тіршілік» сияқты повестері әлемдік прозаның классикасына еркін қосылған тізгінүзді туындылар еді.

Д. Исабековтің повестерінде өзіне дейінгі қазақ жазушылары жиі қолданған нарративті баяндаулар мүлде аз. Ол оқиға қуып, өткен тарихты қазымырламай, басты нысан ретінде жеке адамның өзін, оның тағдырын, ішкі жан-дүниесін алып, кейіпкерін драматургиялық тәсілдермен өмірдің сан алуан коллизиялардан өткізеді.
Ол үнемі таңдап, талғап жазды. Әңгіме жанры айтулы шеберінің қаламынан шыққан «Ақырамаштан наурызға дейін», «Ай-Петри ақиқаты», «Ескерткіш», «Бонапарттың үйленуі», «Социализм зәулімі» т.б. әңгімелері осы жанрдың үздік үлгілері ретінде ұлт әдебиеті төрінен орын алды.

Әлеуметтік жүгі батпандай ауыр болып келетін Исабеков әңгімелері күлдіріп отырып ойлантады. Жұрт білетін оқиғаларға құрылған әңгімелердегі аллюзиялық тәсіл оқырманын алуан түрлі ассоциацияларға жетелеп отырады.

Жазушы қаламынан шыққан жалғыз роман «Қарғын» қазақ прозасына өзгеше реңк, жаңа леп әкеліп, ұлттық прозадағы постмодернистік бағыттың ізашары болды. «Қарғында» оқиға шарықтау шегіне жеткенде кілт үзіліп, жазушы кейіпкердің кейінгі тағдырын оқырманның өзіне қалдырады. Батыс әдебиеті метапрозасында жиі қолданылатын бұл тәсілді қазақ әдебиетіне тұңғыш енгізген жаңашыл қаламгер Д. Исабеков еді.
Қазақ жазушыларының басым көпшілігі драматургияға проза арқылы келді. Бірақ олардың ішінде Д. Исабековтей әлемдік биікке көтерілгендері сирек. Оның «Әпке», «Актриса», «Тыныштық күзетшісі», «Өкпек жолаушы» атты пьесалары қазақ, орыс т.б. ел театрларында кеңінен сахналанды.

Д. Исабеков «Әпке» арқылы қазақ драматургиясына әр адам тағдырынан табылатын отбасылық драма жанрын алып келді. Соның нәтижесінде көрермен сахнадағы оқиғаларға дәл өз басынан өткен жағдаяттардай қарап, кейіпкермен бірге күрсініп, бірге толғанатын болды.

«Актриса» пьесасында Еуропа театрларындағы кейіпкерді - көрерменге, ал көрерменді кейіпкерге айналдыратын «театрдағы театр» тәсілін шеберлікпен пайдаланып, өнер мен өмірді жымдастырып жіберді. Бұл да қазақ сахнасына Д. Исабеков әкелген жаңалық еді.

«Өкпек жолаушыдағы» өмірдің өзегінен алынған вербатим үлгісіндегі монологтар да күрделі әлеуметтік тақырыптардың түйінін оп-оңай тарқатып, кейіпкер мен сахна арасындағы шымылдықты айқара ашып тастайды.

Тарихи тақырыпқа көп қалам тарта бермеген драматург өмірінің соңына қарай жазылған «Бөрте» оның драма жанрындағы шоқтығы биік туындысы ретінде танылып, қаламгердің көзі тірісінде-ақ әлем сахналарындағы шеруін бастап кетті.

Жазушы алға қойған мақсаттарын түгел орындап, кеудесіне «Алтын жұлдызын» жарқырата тағып, қалың елінің құрметіне бөленген абыз жасында пәниден бақиға аттанды.

Дулат ағамыз шығармашылық тұрғыдан ғана емес, отбасылық жағынан да бақытты өмір сүрді. Нұрғайша жеңгемізбен жарты ғасырдан астам берекелі шаңырақ астында ғұмыр кешіп, соңына ата-ана рухына адал, өнегелі ұрпақ қалдырды.

Соңынан бірінен бірі асып түсетін шедеврлер қалдырған жазушы туралы айтқанда ойыңа данышпан Абайдың «Өлді деуге сыя ма айтыңдаршы» деген сөздері оралады.

Дулат ағадай дархан дарын иесі дүниеден озғанда оның әдебиет әлеміндегі екінші ғұмыры басталады. Сол ғұмырыңыз ұзақ болғай, шығармаларымен халқына шуақ сыйлап өткен мейірбан жүректі абзал аға.

Мұхтар Құл-Мұхаммед
Ұлттық Ғылым академиясының академигі
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Кардиолог шокировал мировую медицину: сосуды чистит простой...
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Это спасет потенцию даже в 70 лет! Продается в каждой аптеке...
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Вот, что излечит ваши запястья даже в 75 лет! Нужно взять...
Пікірлер