Бекежан да өзі, сал да өзі

386
Adyrna.kz Telegram

Бүгін – әйгілі әнші, актер, режиссер, педагог, ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін салушылардың бірі, Қазақстанның Халық әртісі Құрманбек Жандарбековтың туғанына 120 жыл толды.

Дара талантымен дүйім жұртты тәнті еткен Құрманбек Жандарбековтың бойындағы табиғи дарын, әншілік қабілет театр сахнасында кесек образдар галереясын жасауға мүмкіндік берді.

Театр сахнасындағы алғашқы қадамы Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясындағы Сырым, «Еңлік-Кебекте» Кебек рөлдерінен басталды.  

Құрманбек Жандарбеков - қазақ операсының дамуына да елеулі үлес қосқан азаматтардың бірі. Үздік опералық партияларының бірі «Қыз Жібек» операсындағы Бекежан рөлі.

Құрманбек Жандарбеков 1905 жылы Шымкент уезінің Ақсу ауылында дүниеге келген. Әкесі Жандарбек әнге де, айтысқа да ұста, сегіз қырлы бір сырлы кісі болса керек. Алған жары Шимене әрі әнші, әрі ақын деседі. Ән мен күй, жыр-думаннан арылмайтын отбасында тәрбиеленген бала Құрмаш бес жасынан өлең айтып, домбыра тартады.

1916 жылы әкесі Жандарбекті патшаның жарлығымен әскерге алғанда немере інісі Әбдікәрім Құрманбек пен жеңгесі Шименеге қамқор болады. Құрекең ағасының серілігі мен тапқыр да өткірлігіне тәнті болып еліктеп өседі.

Жиырмасыншы жылдары Тәшкент қаласында халық ағарту институтында оқи жүріп, Құрманбек көркемөнерпаздардың драма үйірмесіне үзбей қатысады.

Құрманбек Жандарбеков Ташкент педагогикалық училищесін, Мәскеудегі Бүкілодақтық кинематография институтының актерлік бөлімін және Мемлекеттік театр өнері институтын бітірген.

Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының бас режиссері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушысы қызметтерін атқарған.

Сонымен қатар, ол Тарғын («Ер Тарғын»), Жалбыр («Жалбыр») партияларын орындап, әншілік шеберлігін танытты. Режиссер ретінде Е.Брусиловскийдің «Ер Тарғын», «Жалбыр», «Гвардия, алға», А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай», М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операларын қойды. Киноға түсіп, Жақас («Амангелді»), Қадырбай («Жамбыл»), Садық («Біз Жетісуданбыз») бейнелерін сомдады.

Жиырмасыншы жылдарда Ташкент қаласында өткен бір концертте қазақтың жетпістен астам әнін шырқаған.

Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған. Алматы қаласында бір көшеге аты беріліп, өмірінің соңғы жылдарында тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылған.

Пікірлер
Басқа материалдар