Шымкентте көлік жүргізушісі полицейді сүйреп кеткен

590
Adyrna.kz Telegram
Фото: egemen.kz
Фото: egemen.kz

Шымкентте есірткілік масаң күйдегі жүргізуші жол ережесін бұзып, полиция инспекторын көлігінің капотында сүйреген оқиға тіркелді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы қалалық ПД-ға сілтеп.

Оқиға 2 қаңтар күні орын алған. Патрульдік полицейлер Toyota Highlander көлігін бағдаршамның қызыл түсінен өткені үшін тоқтатқан. Жүргізушінің мінез-құлқынан күмәнданған тәртіп сақшылары оның есірткі қолданғанын анықтап, құжаттарын көрсетуін талап етеді. Алайда жүргізуші бұл талапты елемей, оқиға орнынан кетуге тырысты.

Полиция инспекторы Бақытжан Боранбай жол қозғалысындағы басқа қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көліктің алдына шығып, тосқауыл болған. Бірақ жүргізуші көлігін тоқтатпай, полицейді капотында бірнеше метрге дейін сүйреп, оқиға орнынан қашып кеткен.

Полиция қызметкерлері күдіктіні ізін суытпай ұстап, медициналық тексеріс оның есірткілік масаң күйде болғанын растады.

Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынды, оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Жүргізушіге “билік өкіліне қатысты өміріне немесе денсаулығына қауіпті күш қолдану” бабы бойынша айып тағылды. Егер кінәсі дәлелденсе, ол 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Пікірлер